Премьер-Министр жекешелендіру кезінде ашықтықты қамтамасыз етуді тапсырды

Премьер-Министр жекешелендіру кезінде ашықтықты қамтамасыз етуді тапсырды
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысы кезінде мемлекеттік органдар мен холдингтерге жекешелендіруді жүргізу аясында ашықтықты қамтамасыз етуді тапсырды, - деп хабарлады ҚР Премьер-министрінің баспасөз орталығы.

Премьер-Министр шетелдік инвесторлар тарапынан жекешелендіру нысандарына зор қызығушылық білдіріліп отырғанын атап өтті.

«Бұл жерде бізге инвесторлар үшін ашықтық пен түсінікті ережелерді қамтамасыз ету маңызды», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.

2016 жылы 9,5 млрд теңгеге 111 нысан сатылғанын айта кету керек. Барлығы Кешенді жекешелендіру жоспары бойынша бүгінде 88 млрд теңге сомасына 359 нысан сатылған. Олардың 72% жуығын «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ нысандары құрайды.

Еске салайық, Қазақстанда жекешелендіру отандық кәсіпкерлікті нығайту, мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін азайту және мемлекеттік активтің тиімді жекеменшікке көшуі арқылы елдегі жеке бизнесті одан әрі дамыту мақсатында жүргізілуде.

T. Кіршібаев