Елбасы Шавкат Мирзиёевке құттықтау жеделхатын жолдады

Елбасы Шавкат Мирзиёевке құттықтау жеделхатын жолдады
Фото: static.anhor.uz

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шавкат Мирзиёевке Өзбекстан Республикасының Президенті болып сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Құттықтауда Қазақстан Президенті өткен сайлау нәтижесі азаматтардың әл-ауқатын және мемлекеттің халықаралық аренадағы беделін одан әрі арттыруға бағытталған саясатқа деген Өзбекстан халқының жоғары сенімі мен қолдауының айғағы болғанын атап өтті.

«Сіздің басшылығыңызбен бауырлас Өзбекстанда тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайта түсетін ауқымды өзгерістер жалғасын табатынына сенімдімін», – делінген жеделхатта.

Мемлекет басшысы бірлескен күш-жігердің арқасында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытуға, сондай-ақ Орталық Азиядағы барлық елдердің ынтымақтастығын кеңейтуге тың серпін берілетініне сенім білдірді.

Елбасы екіжақты және өңіраралық өзара іс-қимылдың әлеуеті зор екеніне тоқталды, сондай-ақ еліміздің саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда сындарлы диалог жүргізуге әзір екеніне назар аударды.

«Осы сәтті пайдалана отырып, сұхбатымызды Астанада жалғастыру үшін өзіңізге ыңғайлы уақытта Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуді ұсынамын», – делінген жеделхатта.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ш.Мирзиёевке зор денсаулық, мемлекеттік қызметте жаңа жетістіктер, ал бауырлас өзбек халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі.

T. Кіршібаев