Тынық мұхиты Альянсының мемлекеттері ЭКСПО-2017-ге қатысатынын растады

Тынық мұхиты Альянсының мемлекеттері ЭКСПО-2017-ге қатысатынын растады
Фото: ikap.kz

Тынық мұхиты Альянсының мемлекеттері – Чили, Мексика, Перу, Колумбия және Барбадос ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысатындығын растады. Осылайша, көрмеге қатысушы мемлекеттердің жалпы саны 111-ге жетті, - деп хабарлады ҚР Премьер-министрінің баспасөз орталығы.

Көрмеге қатысатындығын енді растаған мемлекеттерінің пікірінше, оның «Болашақ энергиясы» тақырыбы Тынық мұхиты Альянсы мемлекеттері үшін өзекті. Өйткені, онда баламалы энергия көздерін пайдалану мүмкіндігін белсенді түрде зерттеуде. Мысалы, тау-кен қазу өнеркәсібі қарқынды дамып келе жатқан Чили мемлекеті күн және жел энергиясын жиі пайдалануға көшуде.

Сонымен қатар, Перу - гидроэнергетикалық ресурс, табиғи газ, газ конденсаты қорының мейлінше мол екендігіне қарамастан күн, жел және геотермалды энергияны пайдалану саласын жетілдіруде.

Колумбия  – күн энергиясы негізінде өз автокөлігін шығарған мемлекет, оның сондай-ақ, баламалы энергия көздерін дамыту бойынша ауқымды әлеуеті бар.

Мексика – мұнай өндіруші мемлекет әрі энергияның жаңа көздерін табуда белсенді іздестірулер жүргізуде.

Аталған өңірде БЭК өндіруде әлемдік көшбасшы ретінде танылған – Коста-Рика да орналасқан. Олар баламалы көздерден алынған энергияның 90% дейін пайдаланады.

T. Кіршібаев