Ерейменге бардың ба, желбағанды көрдің бе?

Ерейменге бардың ба, желбағанды көрдің бе?
Фото: il6.picdn.net

Алдымен тарихи деректі еске түсірейік. Желмаясымен желе жортып, байтақ даламыздан жердің жәннатын іздеген абыз Асан қайғы Ерейментауды көргенде не деп еді? «Желдің жеті есігі бар екен, қыс болса – жылқы тұрмас, жылқы тұрса – ішіндегі құлын тұрмас Ораздының жайлауы, Жиырлының қыстауы екен. Екі жағындағы ел бай болар да, қақ ортасын қоныс қылған ел кедей болар, бітісі жаман екен, бірімен-бірі төбелесе-тұғын кісі сықылды ерейіп тұрғанын, панасы жоқ дала секілді тау екен». Осылай десе де, біздің дәуірдің данышпандары тынымсыз желдің де оңтайын тауыпты. Он екі айдың қай сәтінде де «құлақтан ұрған танадай» тына қалатын күні санаулы Ерейментаудың желі елге пайда әкелуде.

ЭКСПО көрмесін энергиямен қамтиды

Аудан орталығына жақындағанда, Тайбай, Малтабар ауылдары тұсында әлгі ерейген таулардың ара-арасынан алып желбағандар менмұндалайды. Әр қондырғының биіктігі 85 метрге созылған. Ебелектің ұзындығы 45 метр болса, бағанның диаметрі – 9,3 метр. Жаны бар атаулының ығырын шығарған жел бағандар басындағы ебелектерді тынымсыз айналдырып тұр.

Стансаға жақындаған сайын елордадағы жиындардан мәлім болған мәліметтер ойға орала берді. Өткен жылы «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қаныш Молдабаев Индустрияландыру жөніндегі және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларын іске асырудың кезекті қорытынды жиынында қуаты 45 МВт болатын Ерейментау ЖЭС-ін өндірістік пайдалануға берудің басталғаны туралы баяндаған. Көп ұзамай мұндағы «жасыл» энергия көзі ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің қажеттіліктерін қамтитыны белгілі болды.

Қонақтарды станса алдынан тосып алған ЖЭС директоры Нұрлан Сақ ә дегеннен алып мекеменің тыныс-тіршілігімен таныстыра бастады. «Компания негізі 2011 жылы ірге қалағанымен, құрылыс жұмыстары 2013 жылы басталды. Араға тағы екі жыл салып, тамыз айынан жел бағандарымыз іске қосылды», деген Ерейментау ЖЭС басшысы қондырғылардың негізі Германияның «FWT» өндірісінде жасалғанын айтты. «Жабдықтарымыздың бірсыпырасы Украина зауыттарында құрастырылса, ебелектер Қытайда өндірілді», деді Н.Сақ.

Бес қаланы жарықтандыруға қауқарлы

Алпыс гектар аумаққа тарамдала тартылған, сегіз шақырымға дейін тізбектеле созылып жатқан желбағандардың жұмысы стансаның шағын ғана әкімшілік ғимаратында басқарылады екен. Кең мониторлы компьютерге үңіліп, әлдебір сандарға назар салып отырған оператор Дулат Кәрімовпен әңгімеміз бірден «жасыл» энергия тақырыбында өрбіді. «Ғалымдар осы ЖЭС-тің құрылысын салу үшін біздің өңірді бекер таңдамаған ғой. Жұмысымыздың барысында жел қай бағыттан соқса да халыққа пайда әкелетінін түсінетін болдық. Тек секундына үш метрден кем немесе жиырма бес метрден артық тұрмаса болды, шаруамыз қыза береді. Әр күн сайын 45 МВт-ға дейін электр қуатын өндіреміз», дейді оператор.

Көп жаймен қанықтырған ЖЭС директорының өндіріс істері жөніндегі орынбасары Ерлан Жақыпов. Мекеме жұмысын бүге-шүгесіне дейін білетін маман алдымен сандарға жүгінді. «Қондырғылардың іске қосылғанына бір жылдан асып барады. Қазан айындағы көрсеткіштерге сүйенсек, компания он бес айға жуық уақыттың ішінде 193 миллион кВт электр энергиясын өндірді. Негізі, жылдық қуатымыз – 172 миллион кВт. Яғни, жүз пайыз қуатында жұмыс істеп тұр», деді Е.Жақыпов.

Ерейментау ЖЭС өкілінің айтуынша, мұнда жиырма екі дана желбаған бар. Әрқайсысы 2050 кВт қуаттылықта жұмыс істейді. Өндірілетін электр энергиясының барлығы дерлік ұлттық электр желісіне түседі. «Біздің операторымыз – «KEGOC» АҚ. 4000 кВт қуатпен жұмыс істейтін Екібастұз ГРЭС-і мен Астананың арасындағы желіні жалғап тұрмыз. Негізгі тұтынушыларымыз да бас шаһарда», дейді Е.Жақыпов.

Мамандардың сөзіне сенсек, күніне 45 мың МВт электр энергиясын өндіретін Ерейментау ЖЭС шағын-шағын бес қаланы жарықпен қамтуға қауқарлы көрінеді. Өйткені, іргедегі аудан орталығының он мыңға тарта халқы бір күнде 9 мың МВт электр қуатын тұтынады.

Тағы бір станса салынбақ

Қолданысымызға енген жаңа технология ғой, кадр мәселесі қалай шешілді? «Бір қуантатыны, компаниямызда қызмет ететін тоғыз диспечер-операторымыз да осы ауданның тұрғындары. Және отызшақты техникалық қызметкерлеріміздің барлығы осы өңірдің азаматтары», деген станса директоры Нұрлан Сақ жұмыскерлерді Астана қаласында Украинадан келген білікті мамандар оқытып, үйреткенін жеткізді. «Осында қондырғыларды орнатып, қойып берген де украиналық әріптестеріміз болатын. Олармен әлі күнге тәжірибе алмасып, білімімізді толықтырудамыз», дейді ЖЭС басшысы.

Алып жобаның шығыны 19 миллиард 200 миллион теңгені құраған екен. Мұның 80 пайызын Еуразиялық даму банкі құйса, 20 пайызы өз еліміздің қазынасынан қаралған. Ал құрылғылардың кепілдендірілген жұмыс істеу уақыты жиырма жылдан асады.

«Стансамызда өндірілген жылдық электр энергиясын ГРЭС-те өндіретін болсақ, жүз мың тонна көмір жағуға тура келеді. Яғни, біз бір жылда осынша шикізатты үнемдесек, екіншіден, табиғатымызға келетін орасан залалдың алдын алдық», дейді мамандар. Десе де, желбағандардан өндірілетін энергияның белгіленген тарифы – 22 теңге. Ал ГРЭС-те өндірілген энергияның құны шамамен 11-13 теңге. Мұның себебін компания басшылығы былай түсіндірді: «Қондырғылардың құны қазіргі таңда өте қымбатқа соғып тұр. Оған қоса, қосалқы бөлшектердің, қызметтердің, мамандарды оқытып, тоқытудың шығындары тағы бар. Әрине, осындай стансаларды көбейткенде және бастапқы шығындарды өтегенде тарифтік жоспар арзандайды деген ойдамыз. Қазақстанда көмірдің бағасы арзан екенін ескерсек, әзірге қаражат үнемдей алмайтынымыз анық». Айта кетейік, ЖЭС жобасына жұмсалған қаржы толық қуатында сегіз жыл жұмыс істегенде ғана қайтарылады.

Айтпақшы, ЖЭС директорының өндіріс істері жөніндегі орынбасары Ерлан Жақыпов «Самұрық-Энерго» АҚ Ерейментау жел паркінің қуатын 95 МВт-ға дейін ұлғайтуды жоспарлап жатқанын сүйіншіледі. «Бұл бастама қолға алынатын болса, «жасыл» энергия елімізге дендеп енетініне күмән кем. Өйткені, осы стансаның жылдық түсімі 3,8  миллиард теңгені құраса, аудан бюджеті мүлік салығынан жылына 300 миллион теңгеге толығып отыр», деді станса өкілі.

Ерейментаудың «қақ ортасын қоныс қылған ел» енді қайдан кедей болсын, ырысы арта береді де!..

Асхат Райқұл, 

«Егемен Қазақстан»

T. Кіршібаев