«Астана ЭКСПО-2017» ҰК дипломатиялық корпус өкілдерімен бірлескен мәжіліс өткізді

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК дипломатиялық корпус өкілдерімен бірлескен мәжіліс өткізді
Фото: expo2017astana.com

Бүгін «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ-сы Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық корпус өкілдерімен бірлескен мәжіліс өткізді. Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» Акционерлік қоғамының баспасөз қызметі хабарлады.

Күн тәртібінде ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмені өткізу барысындағы аккредитация мен қауіпсіздік мәселелері талқыланды.

Негізгі атқарылған жұмыс қарқыны туралы ұлттық компания Басқарма Төрағасының орынбасары Ербол Шорманов тоқталып кетті. Сондай-ақ, ол іс-шараға дайындықтың кестеге сәйкес жүргізіліп жатқандығын, әрі барлық сала бойынша жұмыстың күшейтілгендігін айтты.

«Көрмеге дайындық қарқынды жүріп жатыр. 31 қазаннан бастап халықаралық қатысушыларға павильондарды тапсыру рәсімін бастап кеттік. Көрмеге келушілердің қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылуда. Оны өз деңгейінде іске асыру үшін халықаралық тәжірибе, атап айтар болсақ, Шанхай, Йосу, Миландағы экспо көрмелерінің, сондай-ақ, Сочи мен Бакудағы спорттық жарыстарды өткізу тәжірибелері толық ескерілді», - деді Басқарма Төрағасының орынбасары Е.Шорманов.

Ағымдағы жылдың желтоқсан айынан бастап «Аккредитация» жүйесі іске қосылады. Сонымен қатар, «Call centre» жұмыс жасайды. Барлық нысандар бейнебақылау, өрт сөндіру мен күзет сигнализациясымен жабдықталған. Көрме қонақтарының ыңғайы үшін логистика жүйесі жасалды. Өрт сөндіру мен медициналық қызмет көрсету тәулік бойы жұмыс жасайды.

Өз кезегінде, Қазақстан Республикасындағы Египет Елшісі  Хайзам Салах Ибрагим (Haitham Jakah Kamel) ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындыққа оң бағасын берді.

«Біз көрмеге қатысатындығымызды ресми растағаннан кейін ұлттық компаниямен бірлесе отырып, көптеген жұмыстар жасалды. Бұл ретте, көрменің жоғарғы деңгейде өтетіндігіне сенімдімін. Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 көрмесіне біздің елдің бірқатар компаниялары қатысатындығын растады».

T. Кіршібаев