Мұхамедханов туған Семейіне қайтып оралды

Мұхамедханов туған Семейіне қайтып оралды
Фото: Абай мұражайы

Қазақ руханиятының қайнар көзіндей төл әдебиетіміздің көрнекті қайраткерлерінің бірегейі, абайтану мектебінің негізін қалаушылардың бірі, шәкәрімтанушы және Шәкәрім шығармаларын алғашқы насихаттаушы, әрі жарыққа шығарушы ғалым, тумысынан асқан дарынды, зор қабілетті, биік мәдениетті, сұңқар табиғатты текті тұлға Қайым Мұхамедхановтың 100 жылдығы еліміз бойынша кең көлемде аталып өтуде. 

2016 жылдың 5 қаңтар күні ғалымның туған күнінен бастап жыл көлемінде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының ұжымы түрлі мәдени шаралар легін толассыз өткізуде.

5 қаңтар күні мұражайда «Абайтанудың асқан білгірі» атты көрме ашылып, «Қазақтың қайтпас қайсар Қайымы» атты әдеби-танымдық кешпен жалғасын тапты. Ұлы ақынның киелі шаңырағы республикалық «Қайым Мұхамедханов және абайтану мәселелері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция, мектеп мұғалімдеріне арналған «Қ.Мұхамедханов: ұстаз, ғалым, қайраткер» атты ғылыми-тәжірибелік семинар ұйымдастырды. Белгілі абайтанушы-ғалымдар, ұстаздар қауымы өз баяндамаларын жасап, қайымтану мәселелері сараланды. Алматы қаласындағы  Әдебиет және Өнер институтында өткізілген республикалық конференцияға мұражай директоры Б.Жүнісбекұлы қатысып, «Абай мұражайы және Қ.Мұхамедханов» тақырыбында баяндама жасап, тұшымды ой-пікірлерімен бөліскен еді.

Биылғы жылы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-мұражайы мамыр айынан бастап Қайым Мұхамедхановқа арналған көрмелер керуенін Астана қаласынан бастады. «Абайтанудың асқан білгірі» атты көрме жұмысы С.Сейфуллин мұражайында, ҚР Ұлттық музейінде, Саяси қуғын-сүргін құрбандарының «АЛЖИР» мұражайында, Ә.Марғұлан атындағы №40 мектепте, Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасында болып, Қ.Мұхамедхановтың өмір жолы, қызметі, абайтануға қосқан орасан үлесі мен ғалымның музей ісін дамытудағы еңбегі жөнінде кеңінен мағлұмат беріліп жан-жақты насихатталып келді. 

Елі үшін еңбек еткен Қайым Мұхамедхановтың қазақ ғылымы мен өміріне қосқан айтулы үлесі, өмір жолы, қызметі қала көлеміндегі біршама оқу-орындарда, мекемелерде де насихатталды. Қазақтың қайсар ұлдарының бірегейі Қайым Мұхамедханов өмірі мен ғылыми қызметі бүгінгі жастарға үлгі, өнеге. Қайым Мұхамедханов еңбегін насихаттау болашақ жастар үшін керек. Ендеше, бұл іс-шаралар одан әрі жалғасын таба бермек. 

Ж. Жұмағұлов