Қ. Бишімбаев қоғаммен Салық кодексіндегі өзгерістерді талқылады

Қ. Бишімбаев қоғаммен Салық кодексіндегі өзгерістерді талқылады
Фото: hvylya.net

Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев сарапшылармен салық саясатының негізгі бағыттарын талқылап, Салық кодексіне енгізілуі мүмкін өзгерістер туралы айтып берді.

Ұлттық экономика министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесе отырып, салық салу және кедендік әкімшіліктендіруді жетілдіру бойынша заң жобасын әзірледі.

Құжатта 2017 жылды қоса алғанда қолданыстағы ҚҚС (30 мың АЕК) бойынша тіркеу есебіне қою үшін ең аз шекті мөлшерін сақтау, одан әрі кезең-кезеңімен 2020 жылы – 15 мың АЕК дейін (31,8 млн теңге) төмендету ұсынылып отыр. Сонымен қатар, Салық кодексінде ҚҚС бойынша ерікті түрде тіркеу есебін қою нормасын қалпына келтіру ұсынылып отыр.

«Асыл тұқымды мал базасын ұлғайту үшін отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау мақсатында импортталған асыл тұқымды мал індеті және мәжбүрлі сойылуы кезінде табиғи кему нормативтері шегінде ҚҚС бойынша жеңілдіктерді қолдану ұсынылады»,- деп хабарлады министр.

Бұдан өзге, ҚР ҰЭМ басшысының айтуынша, алкоголь өнімдеріне акциздерді кезең-кезеңімен ұлғайту ұсынылады: 2017 жылы – бір литріне 2 мың теңге (өткен жылмен салыстырғанда өсім - 45 %), 2018 жылы – 2 275 теңге (өсім 14 %), 2019 жылы – 2 550 теңге (өсім 4 %).

«Алкоголь өнімдерін экспорттау кезінде отандық өндірушілердің бәсеге қабілеттілігін күшейту және қосарланған салық салуды болдырмау мақсатында алкоголь өнімдерін өндіру үшін сатылатын және қолданылатын этил спиртіне акциздің нөлдік мөлшерлемесін (қолданыстағы мөлшерлеме - 60 теңге/литр) белгілеу ұсынылады. Осыған ұқсас босату Ресей мен Беларусь елдерінде әрекет етеді», - деді Қ. Бишімбаев.

Қаржы секторын тұрақтандыру және банктердің несие қоржынында үмітсіз берешек деңгейін төмендету үшін банктер мен ұйымдарды проблемалық қарыздың берешегін кешіру барысында жеке табыс салығын, корпоративті табыс салығын және мемлекеттік баж салығын төлеуден босату бойынша түзетулер ұсынылады.

Еске сала кетейік, ҚР ҰЭМ біріктірілген Салық-кеден кодексін  әзірлеу жөніндегі жұмыстарды  жүргізіп жатыр.

Дереккөз:  primeminister.kz 

T. Кіршібаев