Ауылдағы мамандарға тұрғын үй сатып алу үшін 43 млрд-тан астам теңге берілген

Ауылдағы мамандарға тұрғын үй сатып алу үшін 43 млрд-тан астам теңге берілген
Фото: primeminister.kz

Ауылдағы мамандарға тұрғын үй сатып алу үшін 43 млрд-тан астам теңге берілді, деп хабарлады ҚР ҰЭМ Экономика инфрақұрылымын дамыту департаментінің директоры Ұлан Жазылбек ОКҚ-дегі баспасөз конференциясында.

«Дипломмен ауылға» жобасын іске асырған сәттен бастап ауылдық жерлерге жалпы сомасы 9,3 млрд. теңге көтерме жәрдемақы алған 46 мыңнан астам маман тартылса, шамамен 20 мың маманға тұрғын үй сатып алу үшін жалпы сомасы 43,6 млрд. теңге кредиттік қаражат берілген», - деп хабарлады Ұ. Жазылбек.

Жалпы келуші мамандар саны салалар үлесінде төмендегідей: білім беруге 33 400 адам, денсаулық сақтау - 9 813 адам, мәдениет - 1 289 адам, спорт - 616 адам, әлеуметтік қамсыздандыру - 403 және агроөнеркәсіп кешеніне - 1 110 адам тартылған.

Ағымдағы жылы 5 850 маманды ауылға тарту үшін көтерме жәрдемақы ұсынуға 2,1 млрд теңге және 2 725 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 8,6 млрд теңге бюджеттік кредит ұсыну қарастырылған.  2017 жылы 3 232 маманға тұрғын үй сатып алуға 11 млрд теңге жоспарланған.

«Жобаны іске асыру ауылға әлеуметтік сала және агроөнеркәсіп кешені мамандарын бекіту мәселесін шешуге оң әсер беруде. Жалпы алғанда, бұл ауыл халқының денсаулығын нығайту, сауаттылығы мен мәдениетінің деңгейін көтеру, сондай-ақ, қала және ауыл арасындағы үйлеспеушілікті теңестіруді қарастыратын ауылдағы қызмет көрсету сапасын жақсартады, кадр әлеуетін арттырады және мультипликативті тиімділікті қамтамасыз етеді», -  деді Ұ.Жазылбек.

Сонымен қатар, оның айтуынша, кейбір мамандардың үш жылдан кем емес уақыт жұмыс жасау міндеттемесін орындамау жағдайлары кездеседі, осыған орай маман өзіне ұсынылған әлеуметтік қолдау шараларын толық көлемде қайтаруға міндеттеледі. Отбасылық жағдайының өзгеруі, жұмыс орнынан шығып қалу, басқа елді мекенге қоныс аудару мамандардың міндеттемелерді орындамауының негізгі себептері болып табылады.

Айта кетейік, «Дипломмен ауылға» жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2009 жылы бастау алды.

Бағдарлама мыналарды көздейді: бір маманға 70 еселік айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы (148,4 мың теңге); бюджеттік кредит сомасынан жылдық 0,01% мөлшеріндегі сыйақы мөлшерлемесімен тұрғын үй сатып алу немесе үй салу үшін 15 жыл мерзімге 1500 АЕК-тен аспайтын сомада бюджеттік кредит (3,2 млн теңге).

Дереккөз: primeminister.kz

T. Кіршібаев