Өңірлерде Ұлт жоспарының орындалу қарқыны жоғары

Өңірлерде Ұлт жоспарының орындалу қарқыны жоғары
Фото: bnews.kz

Биыл Астана-Петропавл күре жолының жөндеу жұмыстары аяқталады. Ал келер жылы Маңғыстаудағы Бейнеу-Ақтау бағыты ашылуы тиіс. Қызылордалықтар болса, Батыс Еуропа-Батыс Қытай автодәлізі арқылы Еуропаға тауар тасымалдай бастады. Бұл туралы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының жүзеге асырылу барысы бойынша есеп берген облыс әкімдері мәлімдеді.

Солтүстік Қазақстан – аграрлы аймақ. Өңірдің өзге де салалар өрге басып тұр. Мәселен, өткен жылы облыс инвестиция тарту бойынша көш бастады. Бұл жұмыс биыл да жалғасын таппақ. Қазірдің өзінде бірнеше мемлекеттің іскер азаматтары бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниет білдіріп отыр. Атап айтсақ, итальяндықтар осында мал ұстап, егін егіп, өнімді өңдеуге, қытайлықтар астық дақылдарын терең өңдеуге, финдер балық өсіруге, ал ресейліктер ауыл шаруашылығы техникаларын шығаруға дайын. Бұл жергілікті жұртқа жұмыс, ал қазынаға салық болмақ. Сауда-саттықты арттыру үшін жолдардың да жағдайын жақсарту керек. 

Ерік Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі: - Көкшетау-Петропавл, Петропавл-Астана тасжолдары толық жаңартылады. Омбыға шығатын жолдың сапасы жаман емес. Оған күтім жасау керек. Ал Қорғанға шығатын жол жөнделеді.

Осы жылы әуежай да жаңа кейіпке енеді. 2018 жылы Петропавлдан Ресей, Қытай және Еуродақ елдеріне ұшып, жүк тасымалдауға да болады.

Ал Қызылорда облысының буферлік аймақтан шығатын күні алыс емес. Бес жыл бұрын қойылған шектеу өз күшін жойса, шаруаларға қандай мүмкіндіктер туады?

2011 жылы аусыл індетіне орай, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай мемлекеттерімен шекаралас Қазақстанның 5 облысынан төрт түлік пен ет өнімдерін шығаруға тыйым салынған болатын. Агросекторды тежеген сол тізімге ілінгеннен бері үздіксіз ветеринариялық шаралар жүргізілді. Нәтижесі – қуантарлық.

Аймақ шаруалары халықаралық эпизоотиялық бюросының алдағы мамыр айында шығатын соңғы шешімін күтіп отыр. Сыр өлкесі ел аумағынан сырт жерге де ет жөнелтуге қауқарлы. Өңірде мал басы саны бойынша ең жоғарғы көрсеткіш 1990 жылы тіркелген болатын. Сырбойылық шаруалар бүгінгі таңда бұл межеден асып түсті. Қазірдің өзінде аймақта 18 мал бордақылау алаңы бар.

Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі: - Тиісті сараптамалық қорытындысы алынды. Бірінші мамырдан бастап буферлік аймақтан шығамыз. Бұл бізге мал шаруашылығын қарқынды дамытып, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің өрісін кеңейтуге, ет өнімдерін экспорттауға мүмкіндік береді. Облыс орталығында тәулігіне 3 тонна ет өнімдерін өндіретін фабрика, Сырдария ауданында 5 мың бас қой өсіруге арналған кешен және 10 мың бас малға арналған бордақылау алаңы мен жылдық қуаты 250 тонна болатын ет комбинатын құру қазір жүріп жатыр.

Агросектордан бөлек, индустриаландыру және экономиканы әртараптандыру бағыты бойынша да толымды тірліктер атқарылып жатыр. Кальцийлендірілген сода шығару және ферроқорытпа зауыттарының жобасы қолға алынды.

Ал Маңғыстау облысында да Ұлт жоспары аясында ілкімді істер атқарылып жатыр. Тоғыз жолдың торабында тұрған Маңғыстау облысы еліміздің теңізге шығар жалғыз қақпасы саналады. Еуропа елдері мен Парсы шығанағына апарар жолдар да осы өлкенің өн бойынан өтіп жатыр.

Сондықтан, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша мұнайлы аймақты еліміздің оңтүстік-батысындағы ірі транспорттық торапқа айналдыру көзделіп отыр. Қазір осы мақсатта қолға алынған Ақтау теңіз портын Батыс Еуропа-Батыс Қытай дәлізіне қосатын Бейнеу-Ақтау автожолының құрылысы жүруде. Ұзындығы 470 шақырымдық автомобиль жолының жартысына жуығы салынып біткен. Қазір құрылыс басында мыңға жуық маңғыстаулық тер төгіп жатыр. Бұл маңызды жоба 2017 жылы толықтай қолданысқа берілмек. Одан соң, мамандар тозығы жеткен Жаңаөзен-Жетібай автожолының құрылысына кіріспекші. Осы 63 шақырым болатын тасжол толықтай жаңартылмақ.

Алик Айдарбаев, Маңғыстау облысының әкімі: - Бұл жобалардың барлығы да Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 65-бағыты бойынша жүзеге асуда. Осының аясында келешекте өңірде аумағы 40 гектар болатын көлік-логистикалық орталығын салу жоспарда бар.

Елбасы тапсырмасына сәйкес, өңірде құны 172 млрд теңге болатын 25 инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Соның арқасында 4 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылады. Құны 73 млрд теңге болатын 10 жоба биылдың өзінде қолданысқа берілмек.

Мөлдір Мұсаева, Саламат Бекбаев, Қамбар Бекенов

Дереккөз: 24.kz

T. Кіршібаев