«Нұрлы жер» бағдарламасы жұртшылықпен талқыланғаннан кейін Үкімет басшысы қарауына енгізіледі

«Нұрлы жер» бағдарламасы жұртшылықпен талқыланғаннан кейін Үкімет басшысы қарауына енгізіледі
Фото: arnapress.kz

«Нұрлы жер» бағдарламасы жұртшылықпен талқыланғаннан кейін Үкімет басшысы қарауына енгізіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін министрлік «Нұрлы жер» деп аталатын  тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бағдарламаның тұжырымдамасы тұрғын үй құрылысын тікелей қаржыландырудың орнына ипотекалық кредит беруді дамытуға көшу және жеке құрылыс салушыларды ынталандыру болып табылады», - деді ол.

Бұл ретте министр жасалып жатқан жаңа бағдарламалардың негізгі міндеттерін атады.  Яғни, бағдарламада пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау жолымен екінші деңгейдегі банктердің қолжетімді ипотекалық қарыздар беруі арқылы сұранысты ынталандыру, тұрғын үй салу үшін құрылыс салушыларға қолжетімді қарыздар беру арқылы ұсынысты ынталандыру, Тұрғын үй жинақ банкінің салымшылары үшін «жаңғыртпалы» қағидат бойынша  кредиттік тұрғын үй салу және жалға берілетін тұрғын үйдің өңірлік қорын құру, мемлекеттің инженерлік коммуникация инфрақұрылымын жүргізуі және жер учаскелерін беруі, инженерлік инфрақұрылымға жұмсалған шығындарды өтеуі арқылы жеке тұрғын үй құрылысын дамыту көзделеді.

«Бүгінгі күні министрлік аталған бағдарлама жобасын мүдделі мемлекеттік органдармен, Ұлттық кәсіпкерлік платасымен, қаржы институттарымен және әкімдіктермен қызу талқылау үстінде. Сонымен қатар, оны жұртшылықпен кеңінен талқылау да жоспарланып отыр. Олардың пікірлерін ескере отырып бағдарламаның жобасы Сіздің қарауыңызға енгізілетін болады», - деді Қ.Бишімбаев Үкімет басшысы Б.Сағынтаевқа қарата.

Дереккөз: nform.kz

T. Кіршібаев