Алматыда «ТойҚазан» фестивалі өтеді

Алматыда «ТойҚазан» фестивалі өтеді
Фото: Inform.kz

Биыл 4 қыркүйекте Алматы іргесіндегі «Медеу» спорт кешенінде қазақ халқының ұлттық тағамдарының әйгілі «ТойҚазан 2016» фестивалі өткізіледі. Алматы қаласының 1 000 жылдығына арналған бұл фестиваль аясында тұңғыш рет «ТойҚазан Дауысы» ән байқау ұйымдастырылмақ.

Сонымен қатар, фестивальбарысында спорттық, ойын-сауық және танымдық сипаттағы байқаулар, жарыстар, ойындар және басқа да мерекелік шаралар өткізіледі.  

«Биыл фестиваль «Медеу» биіктаулы спорт кешенінде болады. Бұл біз үшін үлкен емтихан іспеттес. Өйткені, «Медеу» - кезінде «Азия дауысы» секілді халықаралық деңгейдегі шаралар өткізілген алаң. Биыл фестиваль аясында «ТойҚазан Дауысы» атты ән байқауын ұйымдастырамыз. Оған ән айтуға құмар жандарың барлығы қатыса алады. Ал, олардың шеберлік деңгейін кәсіби өнер майталмандары бағалайды», - деді фестивальдің негізін қалаушылардың бірі, белгілі кәсіпкер  Ерлан Стамбеков. 

Сондай-ақ, бұл күні мұнда Қазақстанның опера және эстрада жұлдыздары -Майра Мұхамедқызы, Сүндет Байғожин, атақты «Дос-Мұқасан» тобы, Медеу Арынбаев, Гуля Төлегенова, Жәмилә Серкебаева және басқа да әншілердің қатысуымен концерт өтеді.   

Фестиваль аясында осы фестивальдің әнұраны орындалады. Оның сөзін авторлық бірлестікте Ерлан Стамбеков пен Василий Гаврилиди, ал музыкасын Әділ Жанбакиев жазған.

Дереккөз: inform.kz

Е. Жұмабайұлы