Қазақша дәстүрде жасалған әлеуметтік лагерь

Қазақша дәстүрде жасалған әлеуметтік лагерь
Фото: Алмаз Тюлекин

"Айналайын" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айгүл Разакованың ұйымдастыруымен Жамбыл облысындағы Аса ауылында ұлттық стильдегі әлеуметтік лагерь бірнеше жыл қатарынан ауыл балаларын қабылдап келеді. 

Лагерьде таң жаттығу жасаудан басталады. Жаттығуды көзі көрмейтін Қолғанат атты қыз жүргізеді. Айгүлдің тәрбиеленушілерімен қатар олардың қамқорлығындағы мүгедек балалар да жаттығады. 

– Менің балаларым әр жазда киіз үй құруға үйреніп қалды. Менің лагерь ашқым келе ме, осы жылы қаржыландыру бар ма екенін балалар сұрамайды. Олар жазғы демалысқа шыққан бойда сағат таңғы тоғызда тереземнің алдына келіп тұрады,– дейді Айгүл.

– Биыл жазғы лагерьдің ашылғанына сегізінші жыл болады. Оны ұйымдастырушы – балалардың өздері, біз тек бақылаймыз. Үлкендері тәрбиеші болып, мастер-кластар өткізеді. Кішілері де қалыспайды. Менде сегіз жасар бала бар, ол үлкен адамдарға арналған ойындар өткізе алады. Біз жас немесе жағдайға қарамаймыз, бізде барлығы тең.

Лагерь — өз мүмкіндіктерін ашатын және әлеуметтік дағдыларға үйрететін ойын алаңы. Балалар мұғалім еңбегінің бағасын түсіне бастады. Олар ұйымдастырудың оңай емес екенін және тыңдамайтын балаларды оқытудың қиын екенін түсінді. Мұндай лагерьді ашуға көп қаражат керек емес. Басты ресурс — балалар. Бала қуаты тасып тұрады. Тек соның барлығын ұйымдастыру қажет. 

Маған киіз үй идеясы Наурызға оралмандар ағыла бастағанда келді. Олар киіз үй әкеліп, жалға берді. Алғашында мен 50 мың теңгеге алты қанатты киіз үйдің ағаш қаңқасын сатып алдым. Дизайнын өзім ойластырып, түрлі түсті велюр маталармен безендірдім. Содан соң шығындарымды өтеу үшін оны жалға бердім. Балалардың оның айналасынан шықпай жүргенін байқап, тағы бірнеше ағаш қаңқаларын сатып алып, жазғы лагерь жасадым.

Мендегі бардың барлығы қиындық пен сынақ арқылы келді. Бұл – мен үшін бақыт. Мен өзімді доппен салыстырамын. Тағдыр мені жерге ұрады, ал мен серпіліп жоғары ұшамын. Маған қиындықтардан соң міндетті түрде жақсылық келеді. Сондай жылдары Мөлдір екеумізді күйеуім қолдап келді. Ол кеңес беріп, одан әрі дамуға көмектесіп отырды. Мен оған ризамын. Біз күйеуім екеуміз үлкен отбасыны армандайтынбыз. Ал, қазір біздің үйіміз балаларға толы.

А. Жапатова