Тәуелсіздік жылдары елімізде қанша бала өмірге келді?

Тәуелсіздік жылдары елімізде қанша бала өмірге келді?
Фото: massagetkz

1992-2016 жылдары аралығында Қазақстанда 7 373 671 нәресте дүниеге келді. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше, 1992 жылдың қаңтарынан 2016 жылдың наурызы аралығында елімізде 3 597 820 қыз бала және 3 775 851 ер бала туылған. Оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында 1 502 632, Алматы облысында 826 196, Жамбыл облысында - 556 168, сонымен қатар, Қарағанды облысында 524 559 нәресте дүниеге келген екен.

Тәуелсіздік жылдары ішінде туу көрсеткішінің жоғарылауы 2014 жылы ғана байқалыпты. Ал нәрестелердің өмірге келу көрсеткіші 2008 жылы өскен. 1992-2002 жылдары аралығында бала туу көрсеткіші жыл сайын шамамен 6 пайызға кеміп отырса, 2002 жылдан кейін, керісінше, 5 пайызға өсіп келеді.

Соңғы 15 жылда бала туу көрсеткіші жағынан Маңғыстау облысы (1000 адамға шаққандағы орташа туу саты - 27,84) және Оңтүстік Қазақстан облысы (27,78) көш бастап келеді. Сонымен қатар, Қызылорда (24,83) мен Атырау (24,66) облыстарында өмірге келген нәрестелер саны артып жатыр.

Статистика комитеті мамандарының айтуынша, 1991 жылы 353 174 бала дүниеге келген. Дегенмен ол кезде туу көрсеткіші ай сайын есептеліп отырмаған. Яғни, комитеттің мұрағатында 1991 жылы 16 қараша мен 31 желтоқсан аралығындағы демографиялық мәліметтер жоқ болып шықты.

Дереккөз: tengrinews.kz

С. Ерсін