Қазақстан әлемнің ең бай елдері рейтингінде Ресейден жоғары тұр

Қазақстан әлемнің ең бай елдері рейтингінде Ресейден жоғары тұр
Фото: ztb.kz

Америкалық Global Finance Magazine басылымы әлемдегі ең бай елдердің рейтингін жариялады. Оған 185 мемлекет кірді. Тізім Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының негізінде түзілген.

Басылым халықтың сатып алу қабілетінің тепе-теңдігін ескеріп, өмір сүрудің салыстырмалы құны мен елдегі инфляцияның деңгейін басты назарға алған.

Посткеңестік кеңістіктегі елдер арасында ең бай мемлекет Литва (41-орын) мен Эстония (42-орын) болды. Мұндағы халықтың сатып алу қабілетінің деңгейі 28 245 және 27 729 долларға тең. Одан кейінгі орында Қазақстан - 50-орын. Біздегі көрсеткіш - 25 367 доллар.

Ресей мен Латвия 51 және 52-орында (25 350 және 25 195 доллар). Әзірбайжан мен Беларусь - 64 және 65-орында. Түрікменстан 77-орынға жайғасты. Сонымен қатар, бұл тізімде Украина (109-орын), Армения (116), Өзбекстан (127), Молдова (132), Қырғызстан (142) және Тәжікстан (153) бар.

Global Finance Magazine әлемдегі ең бай ел деп Катарды атады (146 000 доллар). Екінші орында Люксембург (94 167), үшінші орында - Сингапур (84 821).

Басылымның тұжырымы бойынша, әлемдегі ең бай 25 елдің қатарына Бруней, Кувейт, Норвегия, БАӘ, Гонконг, АҚШ, Швейцария, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Нидерланд, Ирландия, Австралия, Австрия, Швеция, Германия, Тайвань, Канада, Дания, Оман, Исландия, Бельгия және Франция кірді.

Дереккөз: kaztengrinews.kz

Ө. Сансызбай