Алматыдағы "Көктөбе" ашылды

Алматыдағы "Көктөбе" ашылды
Фото: massaget.kz

Көктөбедегі аспалы жол ресми түрде бүгін, 4 наурызда ашылды. Осыған дейін аспалы жолдың ашылу мерзімі бірнеше рет кейінге қалдырылған болатын. Бұл күні жан-жақты көруге арналған айналмалы дөңгелек те (колесо обозрения) іске қосылды.

Аспалы жолмен жүру ақысы бұрынғыдай - екі жаққа 2000 теңге. Ал жаңа аттракционға қатысты айтатын болсақ, оның билеті 1000 теңге тұрады. Аспалы жолдың ашылуына Алматы әкімі Бауыржан Байбек келді.

Аспалы жолдың ұзындығы - 1620,3 метр, үстінгі және төменгі станциялар биіктігінің айырмасы - 250 метр. Аспалы жолмен жүру жылдамдығы секундына 0,5-тен 6 метрге дейін жетеді. Барлығы 17 кабина жүреді. Олардың әрқайсысына 8 адамнан сыйады. Бір сағатта 750 адамды тасымалдауға болады.

Көктөбеге дейінгі аспалы жол құрылғыларының барлығы Франциядан әкелінгені белгілі. Бастапқыда аспалы жол 2015 жылдың маусымында пайдалануға беріледі деп хабарланды, алайда кейін оның шілдеде ашылатыны белгілі болды. Кейін бұл мерзімнің шегерілуіне топырақтың жұмсақ болуы сеп екені анықталды. Оны нығайту үшін бірқатар уақыт кетті. Кейін оның ашылу мерзімі 2016 жылдың жазына қалдырылғаны хабарланып, кейін Наурызға қарай ашылатыны айтылды. Осыдан кейін Қазиев кабиналардың ресми түрде 2016 жылы 4 наурызда іске қосылатынын мәлімдеді.

Дереккөз: tengrinews

С. Ерсін