Колледж мұғалімінің емтихан бағасын саудалап отырған сәті

Колледж мұғалімінің емтихан бағасын саудалап отырған сәті
Фото: youtube

ОҚО-да колледж мұғалімінің емтихан бағасын саудалап отырған сәті видеоға түсіп қалды. Қазірде ол жұмыстан шығарылды, − деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі оқу орнының директорының міндетін уақытша атқарушы Бақыт Дәулетовке сілтеме жасап.

Емтихан бағасын Түлкібас ауданындағы агробизнес және туризм колледжінде математика пәнінің мұғалімі саудалаған. Әйелдің бұл әрекеті видеоға түсірілгеннен кейін әлеуметтік желіге салынған. Педагог видеода емтихан бағасының 2000 теңге екенін, ал тоқсандық бағаның 1500 теңге екенін айтады. Ал шәкіртақы түскенше қарызға қойып беруін сұраған студенттерге мұғалім қарсы шығады. 

Бұл оқиғадан соң мұғалім түсініктеме жазып, жұмыстан қуылған. "Түсініктемесінде мұғалім өзін жайсыз сезініп, не айтып, не қойғанын білмейтінін мәлімдеді. Интернетте өзін көрген әйел ұялып, бұл іспен енді айналыспайтынын айтты", − деді Дәулетов.  

Оның айтуынша, мұғалімнің түсініктемесіне қарамастан, мұғалімді Еңбек кодексіндегі бап бойынша жұмыстан шығарған. Айта кетейік, 51 жастағы мұғалім бұл колледжде 2013 жылдан бері жұмыс істеп, оның үстінен ешқандай да арыз-шағым келіп түспеген. Ал оның жалпы еңбек өтілімі 27 жыл екен. Колледжде облыстық білім бөлімінің комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Ал мұғалімін видеоға түсірген студенттер емтиханды қайта тапсыруы мүмкін, себебі олардың барлығы емтиханнан сәтті өткен.

С. Ерсін