Екі аяғынан айырылған оралдық экс-полицей табысты кәсіпкерге айналды

Екі аяғынан айырылған оралдық экс-полицей табысты кәсіпкерге айналды
Фото: tengrinews

Қызметте жүріп екі аяғынан бірдей айырылған оралдық бұрынғы полицей Біржан Қожақов қазір табысты кәсіпкерге айналды. Мүгедек жанға айналған ол адамдарға жұмыс беру арқылы өмірді қайтадан бастаған.

30 жасына дейін Біржан басқа адамдар сияқты қарапайым өмір сүреді. Жол полициясында қызмет істеген ол үйленіп, екі бала тәрбиелеген. Дегенмен 2001 жылдың ақпанында серіктесімен бірге түнгі кезекшілікте болған полицей аяқтарын үсіріп алады.

Дәрігерлер полицейді құтқармақшы болып 12 операция жасайды, дегенмен мамандар оның екі аяғын кесіп тастауға мәжбүр болған. Бірнеше ай өткеннен кейін Біржан жол полициясына басқа қызметке келуді ұйғарады. Тағы бірнеше айдан соң ол басқа салада жұмыс істеп көруге бел буған.

"Кіші інім бір күні кішкентай аласа шкаф әкеп берді. Одан мен теледидар қоятын жаңа шкаф жасап шығардым. Бір күні біреу менен сол жиһазды сатуымды сұрады. Мен оны 4,5 мың теңгеге сатып жібердім. Осыдан кейін жиһаз бизнесімен айналысуды жөн көрдім", − деді бұрынғы полицей.

Қожақов інісімен бірге жеке кәсіп те ашып алады. Шебер ең алғашқы тапсырыстың Атыраудан түскенін айтты. Оған жаңадан салынып жатқан жатақханаға шкафтар мен 30 кереует жасауға тапсырыс түскен. Ол бұл іске інісімен бірге кіріседі. Жиһаз сапалы болған соң тапсырыс беруші шеберді басқаларға да насихаттай бастайды. Ісі өрлей бастаған шебердің қол астына осылайша 20-дан аса адам жұмысқа кіреді. Әйткенмен мемлекеттік сатып алу туралы заңда өзгеріс енгізілгеннен кейін жұмыс азая бастайды.

"Біз басқа кәсіпкерлермен бірге мемлекеттік сатып алу конкурсына қатыстық. Мүгедек ретінде жеңілдік алу үшін бізді арнайы тіркеуге алу керек еді. Құжаттарды тапсырып қойдық. Дегенмен ары қарай өмір сүру үшін қазақи жиһаздар жасауды қолға алдық. Адамдар дағдарысқа қарамастан тұрмысқа шығады, бала туады. Сондықтан да қазақтың оюлары салынған сандықтар мен бесіктер сұранысқа ие болды", − деді Қожақов.

Айта кетейік, қазір "Ғибадат" кәсіпорны сандықтың 56 түрі мен бесіктің 10 түрін шығарады. Қожақовтың қолынан шыққан бұйымдарға Алматы мен Астанадан да тапсырыс түседі екен. Біржанның айтуынша, Қазақстанда қазақи жиһаздарды жасайтын кәсіпорындар аз. Ал соңғы уақытта адамдар ұлттық нақыштағы бұйымдарға тапсырысты жиі беретін болған.

"Ғибадат" ЖШС-да жұмыс істейтін 37 адамның 17-сі түрлі категориядағы мүгедектер. "Мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмектесу − парыз",  дейді Қожақов. Оралдық кәсіпкердің өнімдері былтыр әлеуметтік жобалар байқауында екінші орынға ие болды.

"Қазір барлық үмітім орындалды. Бір ғана арманым бар: Елбасының қолынан алғым келеді. Бұл сәтке жететінімді білемін. Ал өмірдегі басқа жетістіктерге өзім жетемін",  деді Қожақов сенімді түрде.


Дереккөз: tengrinews

С. Ерсін