Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасына болжам жасады

Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасына болжам жасады
Фото: vistanews

2015 және 2016 жылдары Қазақстанның ЖІӨ өсімі төмен деңгейде, шамамен бір пайыз көлемінде сақталады, бірақ 2017 жылы 3,3 пайызға дейін көтерілуі мүмкін.

Дүниежүзілік банк мамандары Қазақстан экономикасының дамуына байланысты екі сценарийді болжап отыр. Біріншісі оптимистік сипатқа ие − 2016 жылы мұнай бағасы төмен деңгейде қалады және 2017 жылға қарай біртіндеп қалыпқа келеді. Ол тұтынушылық өсім мен орта мерзімді инвесторлардың сенімділігін арттыруға ықпал етеді. Ал екіншісінде мұнай бағасы 2016 жылы төмендей береді деп болжанған. Ақырында бұл Қазақстанның төлем теңгерімі мен бюджетінің нашарлауына алып келеді. Сонымен қатар ішкі сұраныс пен ЖІӨ өсімінің төмендеуін тудырады.

Алайда екі болжамда да 2017 жылы мұнай шығарудың арта бастайтыны айтылған. Қашағанда мұнай шығарып, соның нәтижесінде ЖІӨ артып, мемлекеттік бюджет пен ағымдағы шот теңгерімі жақсаруы мүмкін. "Дегенмен, экономика алдында айтарлықтай қауіптер әлі де тұр. Олардың арасында Қашағанда мұнай шығаруды бастаудың кешіктірілуі немесе Ресейдегі құлдыраушылықтың жалғасуы ж"не Қытайдағы өсімнің төмендей түсуі",  делінген баяндамада.

Бұдан бөлек банк мамандары әлемде болып жатқан соңғы жағдайлардың республика экономикасына қалай әсер еткенін айтып берді. "2014 жылдың маусымы мен 2015 жылдың басы аралығында мұнай бағасы 50 пайыздан жоғары мөлшерге төмендеді. Ол экспорттан түсетін кірістің қысқаруына және қазыналық теңгерім мен 2015 жылы ағымдағы операциялар шотының теңгерім тапшылығына алып келді,  деді сарапшылар. Сонымен қатар бағалауларға сәйкес, Қытай ЖІӨ өсімі 7 пайыздан төмен мөлшерге азайған, ал Ресей экономикасы 2015 жылы 3,8 пайызға қысқарады деп күтіліп отыр. Ол Қазақстан экспортына әсер етеді және Қазақстанда экономикалық өсім мен инфляцияның төмендеуіне алып келеді".

Олардың бағалауынша, шетелдік тікелей инвестиция ағымы төмендеп, жалпы сыртқы теңгерім нашарлаған және ол теңгеге қысым көрсетті. Бұдан бөлек, инфляция 2015 жылдың басында (өткен жылмен салыстырғанда) 7,5 пайыздан тамыз айында ішкі сұраныс пен отын бағасының төмендеуіне байланысты 3,8 пайызға дейін төмендеді. Олардың айтуынша, инфляция айырбас бағамындағы соңғы түзетулерден кейін қайта күшейе бастады. 

Дереккөз: tengrinews

С. Ерсін