2016 жылдан бастап темір жол вокзалында жолаушылар тексерілетін болады

2016 жылдан бастап 17 вокзалда жолаушыларды тексеру жүйесін енгізу жұмысы басталады. Бұл туралы бүгін жолаушы тасымалдау сапасын және теміржол вокзалдарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыру мәселелері талқыланған кеңесте «Вокзал-сервис» АҚ вице-президенті Марат Бекішев мәлімдеді.

«2016 жылдан бастап 17 вокзалда жолаушыларды тексеруді енгізу жұмысы басталады», — деп хабарлады М.Бекішев. 

Мұнымен қатар, оның сөзінше, темір жол вокзалдарын әскерилендірілген күзетпен қамтамасыз етуге үлкен көңіл бөлініп отыр. 

«Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетіне қосымша 49 вокзалда әскерилендірілген күзетті қамтамасыз етуді шығын тарифіне енгізу бойынша өтінім дайындалды. Қазіргі уақытта әскерилендірілген темір жол күзетінің күшімен 5 вокзал қамтылған», — деді ол. 

Бұдан бөлек, вокзалдарда қосымша сервистік қызметтерді енгізу бойынша іс-шаралар қолға алынып жатыр. Марат Бекішев өз сөзінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға жағдай жасау бойынша қандай жұмыстар жасалғанына да тоқталды. 

«95 вокзалда билет кассалары жабдықталды, 136 вокзалда пандустар салынып, 33 вокзалда мамандандырылған дәретханалар жарақтандырылды. Ал 27 вокзалда көзі нашар көретін адамдар үшін баспалдақтың жоғарғы және төменгі сатысы сары түске боялды. Бұдан бөлек, 58 вокзал мүгедек арбаларымен жабдықталып, 16 вокзалдың анықтама қызметі арнайы ақпараттық жүйемен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, 41 вокзалдың күту залдарында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған орындар белгіленген», — деп баяндады «Вокзал-сервис» АҚ вице-президенті.

Дереккөз: bnews