Шетелдіктер қызметке мемлекеттік қызметкер ретінде шақырылмайды

Шетелдіктер қызметке мемлекеттік қызметкер ретінде шақырылмайды. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Саян Ахметжанов осылай мәлім етті. 

Еске салайық, бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасы талқыланып, қабылданған болатын.

«Заңда алғаш рет жұмысқа мемлекеттік қызметкер ретінде емес, яғни мемлекеттік қызметте білгілі бір міндеттерді атқару үшін еңбек шартын бекіту арқылы шетелдік менеджерлерді тарту мүмкіндігі енгізіліп отыр. Олар мемлекеттік қызметкер болып табылмайды. Заң 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Сол сәттен бастап мемлекеттік органдардың басшыларында Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімімен аталған жұмыстарды атқаруға тәжірибелі шетелдік менеджерлерді ұсыну мүмкіндігі туындайды», - деді С.Ахметжанов. 

Заңға сәйкес, өкілетті органның шешімі бойынша мемлекеттік органдар жұмысқа шетелдік мамандарды қабылдай алады. Алдымен олар Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі органдарының арнайы тексеруінен өтуі тиіс. Сонымен қатар олармен еліміздің еңбек заңнамасына сәйкес шарт жасалады.

Дереккөз: kazinform