Нағыз дағдарыс дендеп келе жатыр – Назарбаев

Нағыз дағдарыс дендеп келе жатыр – Назарбаев
Фото: tengrinews

Ақордада Нұрсұлтан Назарбаев ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімовті қабылдады.

Кездесу барысында Кәрім Мәсімов Мемлекет басшысына елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және негізгі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Елбасы бүгінде республика экономикасы күрделі режимде жұмыс істеп жатқанына назар аударды.

"Энергия тасымалдаушы өнімдер бағасының төмендеуі себепті ел бюджетіне түсетін кірістер 40 пайызға қысқарды. Сонымен қатар өзге экспорттық тауарлардың негізгі түрлерінің, соның ішінде қара және түсті металдардың, көмірдің бағасы төмендеді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы аздаған өсімді қамтамасыз етіп отыр, ал өнеркәсіптік кәсіпорындар, соның ішінде машина жасау саласындағы кәсіпорындар өндірісті азайтты",  деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы әлемдік нарықтағы күрделі ахуалға қатысты тұжырымдар Қытайда, АҚШ-та өткен, сондай-ақ, Ресей басшылығымен болған келіссөздердің негізінде жасалып отырғанына назар аударды.

"Әлемдегі, соның ішінде Еуропа мен Шығыс Азиядағы экономиканың ахуалын ескере отырып, жағдайдың жуық арада жақсаруын болжау мүмкін емес. Халқымыз қалыптасқан жағдайды білуі тиіс, кәсіпорындарымыздың кірісі азайып, табыстың төмендеуі және жұмыс орындарының қысқаруы ықтимал. 2007-2009 жылдардағыдан да күшті, нағыз дағдарыс дендеп келеді. Осыған байланысты Үкіметке талдау жасауды, дағдарысқа қарсы жұмыстардың жоспарын әзірлеуді, қажетті шараларды белгілеп, оны халыққа жеткізуді тапсырамын", — деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті мемлекет азаматтардың әлеуметтік көңіл-күйінің төмендеуіне жол бермейтінін тағы да қадап айтты.

"Нұрлы жол" бағдарламасы еңбекпен қамту бағдарламасын толықтыруға, кәсіптік-техникалық білім арқылы жаңа мамандық алу мүмкіндігін кеңейтуге жағдай жасайды. Осылайша жұрт қажет болған жағдайда өз кәсіпорнында жаңа мамандық ала алатын болады. Сонымен қатар, бізде халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау бағдарламасы дайын болуы тиіс",  деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы өнеркәсіптік кәсіпорындардың көрсеткішін арттырудың, салынып қойған нысандардың қуатын пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.

"Кәсіпорындар мемлекет қаражатпен қамтамасыз етеді деп күтпеуі тиіс. Олай болмайды, Ұлттық қордың ақшасын жаңа нысандар құрылысына, сондай-ақ нашар жұмыс істейтін кәсіпорындарды қолдауға, субсидиялауға пайдалануға тыйым саламын. Бұл жағдайда қандай өндіріс тиімді, қайсысы тиімсіз жұмыс істейтіні бірден көрінеді. Сондай-ақ біз барынша тиімді менеджемент тарту үшін жекешелендіру жүргіземіз", - деді Қазақстан Президенті.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.

Дереккөз: tengrinews

С. Ерсін