EXPO-2017-ге арналып салынып жатқан ғимараттар қандай болады?

EXPO-2017-ге арналып салынып жатқан ғимараттар қандай болады?
Фото: tn.kz

EXPO-2017 нысандарының жобаларының видеосы жария болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Астана ЭКСПО - 2017" ҰК АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

EXPO-2017 халықаралық көрмесінде "Сфера" сәулет символына айналады. Алып шар көрме кешенінің орталығында орналасады. Сфераның диаметрі - 80 метр, жер асты бөлігі бар сегіз қабатты ғимараттың жалпы ауданы шамамен 26 мың шаршы метр болады. Құрылыстың сыртқы қабаты әйнекпен қапталады. Алып шардың жоғарғы бөлігінде екі жел генераторы орнатылады. 

Медиа қабаттың көрменің "Болашақтың энергиясы" тақырыбын графикалық және видеосурет арқылы ашатыны айтылды. Сфераның ғимаратында музей, сонымен қатар "Қазақстан-Астана" павильоны орналасады. Бірінші қабатта тақырыптық маршрут ұйымдастырылады, қонақтар бұл бағытпен жүріп отырып мемлекеттің даму тарихын көреді, әсем жерлері мен мәдени дәстүрі туралы мәлімет алады.

Бұл нысанның құрылысының 2016 жылдың соңында аяқталатыны айтылды.


Видеоны "Астана ЭКСПО - 2017" ҰК АҚ баспасөз қызметі ұсынды.

Еске салайық, бүгін 2 қазанда Нұрсұлтан Назарбаев "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы" АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады. Есімов Мемлекет басшысына көрме нысандарындағы құрылыс жұмыстарының барысы және оны ілгерілету шаралары туралы, сондай-ақ "ЭКСПО-2017" аумағы мен павильондарын көрмеден кейін пайдалану мәселелері жөнінде баяндады.

М. Бисембаева