Ақтөбеде азық-түлік пен киім-кешек қымбаттады

Ақтөбеде азық-түлік пен киім-кешек қымбаттады
Фото: tn.kz

Елімізде қымбатшылық басталғанға ұқсайды. "Керек.info" порталының мәліметіне қарағанда, Ақтөбеде қанттың бағасы тағы 6 теңгеге көтерілген. Облыстық статистика департаментінің мамандары қымбаттаған жалғыз қант емес деп отыр. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.

Портал тілшісінің хабарлауынша, қымбатшылықты статиистика мамандары растағымен, өңірдегі кәсіпкерлік бөлімінің басшылығы бұл жайттан бейхабар. Айта кетейік, бұл аймақта қанттың әрбір келісі 21 тамыз күні 141 теңгеден 156 теңгеге дейін қымбаттаған болатын. Араға он күн салып Молдавадан әкелінетін тауардың бағасы тағы да шарықтап, қазір Ақтөбеде 1 келі қант 162 теңгеден сатылып жатыр.

"Статистика департаментінің мамандары Ақтөбеде қант бағасы ғана емес, балалар киімдері мен коммуналдық қызмет түрлерінің кейбірінің ақысы өскенін айтты. Тұрғындар пайдаланған әр текше метрі үшін ыстық суға тамыздан бастап бұрынғыдай 131 теңге 71 тиын емес, 155 теңге 41 тиын төлейді. Тілшіміз бағаға қатысты ахуалды білмек болып қалалық кәсіпкерлік бөліміне хабарласқан еді. Басшының орынбасары Руслан Әжниязов сауда орындарына күніне екі мәрте бақылау жүргізетінін, бағалардың еш өзгеріске ұшырамағанын алға тартты", - делінген жарияланымда.

Айта кетейік, Әжниязовтың айтуына қарағанда, бұл өңірде ірімшіктің де бағасы көтерілуі мүмкін, себебі ол шетелден тасымалданады.

М. Бисембаева