Түркия мен Еуропадағы қазақ балалар «Балдәурен» орталығында демалды

Түркия мен Еуропадағы қазақ балалар «Балдәурен» орталығында демалды
Фото: kz.all.biz

Түркиядағы қандастарымыздың балалары алғаш рет атамекенін көріп Ақмола облысы Щучье ауданындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында демалды. Ыстамбұл қаласының Зейтінбұрын ауданында тұратын 15 баланың «Балдәуренде» тегін демалуын Қазақстанның Түркиядағы елшілігі ұйымдастырған, деп хабарлайды Вaq.kz сайты.

«Балдәуренде» демалған 17 күннің ішінде балалар қазақ тілін недәуір үйренгендіктерін айтады. Болашақта дәрігер болуды армандайтын Рабия «Хабар» телеарнасының тілшісіне берген сұхбатында жоғары білімді Қазақстаннан алғысы келетіндігін айтты. «Отбасымызда 6 кісі бар. Олардың ішінен тұңғыш рет атажұртқа табаным тиген менмін. Әсем Астанада да болдым. Қазақ тілін түсінсем де сөйлей алмайтынмын. «Балдәуренге» келіп көптеген достармен танысып, қазақ тілін жақсы сөйлей бастадым»,-дейді ол. 

Қазақстан туралы көп мағлұмат алғысы келген балалардың көп уақыты кітапханаларда өткен көрінеді. Орталық шетелден келген балаларды Астана қаласына арнайы саяхаттатып та қайтқан. Бұдан бұрын бұл орталықта Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мен Қытайдан бөлек Еуропада тұратын қазақ ағайындардың балалары да келіп демалып қайтқанын айтады орталықтың әдіскері. 

«Біз осы аралықта балалармен қызықты зияткерлік ойындар өткіздік. Сол арқылы оларға ата-бабаларының жері жайлы, тарихы мен салт-дәстүрі туралы көптеген танымдық дүниелер бердік деп ойлаймын»,-дейді «Балдәурен» орталығының әдіскері Жаңылсын Нұрғалиева.

«Жүрегіміз толқып тұр. Балалар осындағы достарымен жақсы араласып кетті. Тіпті, кеше қайтқан бір топ бала қайтарында жылап, қимай қоштасты. Ғаламтор тұрғанда бір-бірін жақын таныған балалардың алдағы уақытта байланыс жасауы қиын емес еп ойлаймын»,-дейді Түркиядан балаларды бастап келген жетекші Тахира Қара.
Атамекеніне жиі келіп, ана тілін жетік меңгеруді мақсат тұтып қайтқан балаларды «Балдәурен» орталығы арнайы концерт өткізіп аттандырды. 

Е. Жұмабайұлы