Еліміздегі ең үздік жоғары оқу орындарының рейтингі анықталды

Еліміздегі ең үздік жоғары оқу орындарының рейтингі анықталды
Фото: el.kz

Білім сапасын қамтамасыз ету бойынша тәуелсіз қазақстандық агенттігі (БСҚТҚА) еліміздің  ең үздік жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингін жариялады. Бұл туралы Kazinform хабарлап отыр.

Агенттік президенті Шолпан Қаланова атап өткендей, бұл ұлттық рейтинг «жоғары білім беру сапасын арттыру құралы, бұл ЖОО қызметінің тиімділігін салыстырудың белгілі бір тетігі» және мектеп түлектері мен жұмыс берушілердің үздік оқу орнын таңдауына бағыт-бағдар береді.

 Биыл сегізінші рет өтіп отырған  рейтингіге еліміздің 60 жоғары оқу орны қатысты. Үздік бес жоғары оқу орнының көш басында, яғни бірінші орында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті тұр. Екінші орында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, үшінші және төртінші тұғырға М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті орналасты. Бесінші орынды С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті иеленді. Ең үздік техникалық ЖОО болып, Қазақ-Британ техникалық университеті танылды.

Рейтингті анықтау барысында күндізгі бөлімде оқитын студенттердің және білім беру тапсырысы негізінде оқитын студенттердің үлесі, магистранттар мен PhD докторанттар саны, білім алушылардың оқу жетістіктерінің деңгейі, халықаралық және республикалық деңгейдегі жетістіктері жан-жақты сараланды . 

Ж. Өрісбай