Сталиннің баласы Талғат Бигелдиновтің орденінен дәмелі болған

Сталиннің баласы Талғат Бигелдиновтің орденінен дәмелі болған
Фото: massaget.kz

Бүгін Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновтің туған күні. Осыған орай Алматыда ұшқыш батырды еске алу шарасы өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақтың ұшқыш батыры 1922 жылы 5 тамызда дүниеге келген. 16 жасынан аэероклубтың мүшесің атанып, 1943 жылы Калинин фронтына аттанады. Аталған фронтта 296-дивизияның авиациялық полкында болып,  Ил-2 ұшағымен майданға беттейді.

Талғат Бигелдинов көп жыл бойы Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен жетім балаларға көмек беру мақсатында құрылған халықаралық қорды басқарды. Бала кезінен аспан әлеміне ерекше құмартқан. Әкесі оның дәрігер болғанын қалаған екен. Дегенмен Талғат Бигелдиновтің ұшаққа деген қызығушылығы, ұшқыш боламын деген арманы бәрінен басым болды. Арманының соңынан еріп, көп ұзамай ұшқыш атанды. 

Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов өзінің «Мәңгі өмір шыңында» ("Пике в бессмертие") атты кітабында былай деп жазады: «Өмірімде бірінші рет ұшақтың жанына келіп, механикке «Мен осындамын» дедім. Сосын ол маған парашют кигізді. Секірер кезде Алла Тағалаға сыйынып, қолдауын сұрадым. Осыдан кейін мен әр кез ұшар кезде Аллаға сыйынатын болдым. Осылай 305 мәрте көкке көтеріліп, жерге аман оралдым».

Сол кезде ешкімде осы ұяң қара баладын батыр шығатынына сенбеген еді. Ол жалпы 305 мәрте жауынгерлік шабуылға қатысып, «Қазақтың Тұлпары» деген атқа лайық болады. Ол – тарихтағы екі мәрте Ұлы Отан соғысының батыры атағын алған тұңғыш қазақ. Бауыржан Момышұлы батыр ұшқышты Ұлы Отан соғысындағы қазақ халқының ең жоғарғы, ең биік нүктесі деп білген. «Мен екі аяғыммен Жерді нық басып, екі аяғымды тіреп тұрып соғыстым. Жердегі әрбір тас бізге тірек болды. Ал Талғат аспанда Жер анамыздың көмегінсіз соғысты», – деген болатын Бауыржан Момышұлы.

Боранқұлов Сейітқасым, ҰОС ардагері, Талғат Бигелдиновтің досы

«Біз Талғат екеуіміз құрдас едік. Талай шайқаста бірге болдық. Бірге соғысқа барып, бірге соғыстан оралдық. Ол ұшқыш, мен танкист болып, Отанды жерде де, көкте де қорғадық. Талғаттың бір оқиғасын айтып берейін. Бір күні немістің атқыштары кеңестік ұшақты қуып келе жатқан еді. Кеңестік ұшақтың ұшқышы Талғат болатын. Ол бос шүберекті лақтырып жіберді. Бұл оның ешқандай қаруы қалмағанын білдірген еді. Артынан келе жатқан неміс ұшақтарынан аман қалу үшін, Талғат алысқа ұшып, ағаштардың арасына құлайды. Ұшақ жарылмай, өзі тірі қалған Талғатты сарбаздар тауып алып, командиріне алып барады. Командир Сталиннің баласы екен. Ол Талғатқа барлық жағдайды жасап, үш күн демалыс береді. Сосын полк командирі Василий Сталин (Сталиннің кіші ұлы да ұшқыш болған) өзіне шақырып алып, бірнеше ордендерін сұрайды екен. Оған Талғат мойымай, кетіп қалады», - дейді Боранқұлов Сейітқасым.

Талғат Бигелдинов аспанда 500 сағаттан аса уақыт соғысып, немістің 7 ұшағын, 21 танкісін, 24 артиллериялық қаруын, 64 әскери техниканың жабдықтарын жеккен автокөліктерді, қару-жарақ сақталған қойманы, 2 паровоз, 7 вагон мен бірталай неміс әскері мен офицерін жойған. Бұрын-соңды қолданылмаған әдістерді пайдаланып, жау ұшақтарын атып құлатты.

Ағамыздың көкте ұшқан әрбір сәті қауіп-қатерге толы болған. Тіпті жанған ұшақтан екі мәрте секіруіне тура келген. Соның бірінде неміс әскері жаулап алған жерге түседі. Суыққа төзіп, аштыққа шыдап, немістер тылынан аман оралады. 

Қазақ батырының көзі тір болғанда, 93 жасқа келген болар еді. Оның ерлігі жадымызда мәңгілік сақталады. 

Ж. Өрісбай