Айдын Айымбетов туған күнін Жұлдызды қалашықта атап өтеді

Айдын Айымбетов туған күнін Жұлдызды қалашықта атап өтеді
Фото: inform.kz

Бүгін Жұлдыздар қалашығындағы ғарышкерлерді дайындау орталығында дайындықтан өтіп жатқан қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов өзінің 42-ші туған күнін тойлап отыр. Бұл туралы inform.kz хабарлады.

Айдын 1972 жылы 27 шілдеде Талдықорған облысы Талдықорған ауданының Заря Коммунизма (қазіргі Өтенай) ауылында туған.

1989 жылы Талдықорған қаласындағы №20 мектепті алтын медальмен бітірген. 1993 жылы Армавирдегі жоғарғы әскери авиациялық училищені "жоюшы-ұшқыш" мамандығы бойынша аяқтады.

1993 жылдың мамырынан Қазақстанның Қарулы Күштерінің қатарында қызмет атқарады. Жоюшы-ұшқыш. Ғарышкерлер жасағына таңдау алдында Талдықорған қаласы маңындағы авиабазада авиациялық бөлімшенің командирі болып қызмет атқарды. 2009 жылдың желтоқсанынан Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттiгi төрағасының кеңесшісі, агенттік департментінің директоры. 2011 жылдың наурызынан Сұлтанғазиев атындағы ғарыштық зерттеулер институтында ғарыштық технологияларды ақпараттық-білімдік қамтамасыз ету бөлімінің бастығы. 2012 жылдың көктемінен Астана қаласындағы Оқушылар сарайындағы жас ғарышкерлер мектебінде ұстаздық етеді.

1993 жылы ғарышкерлікке алғаш рет өтініш берді. Екінші мәрте 2001 жылдың 5 мамырында қайта берді. 2002 жылы Ресей-Қазақстан  мемлекетаралық бірлескен ғарышқа ұшу келісімі аясында Мәскеу қаласында медициналық комиссиядан өтті. 09.11.2002 жылғы Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссия мәжілісінде Қазақстан Республикасы ғарышкерлері отрядына кіргізу туралы ұсыныс жасалды. 12.10.2012 жылғы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1304 қаулысы негізінде Қазақстан Республикасының ғарышкері дәрежесі берілді.

Айдынның анасы  Жұмағұл 67 жаста, зейнет демалысында. Айдынның екі ағасы мен әпкесі бар.

Жұбайының есімі - Лилия. Үш баласы бар: 17 жастағы ұлы  Әмір,  2 қызы - 14 жастағы Диана мен 8 жастағы Даяна.

26.05.2015 жылы Қазғарыш баспасөз хатшысы Ербол Дәулетов 2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетовті британдық әншінің орнына 2015 жылдың қыркүйегінде ғарышқа жіберу туралы мәселені талқылап жатқандығын хабарлады.

Ресей мен Қазақстан арасындағы келісімге сәйкес А.Айымбетов 2015 жылдың мамырының соңынан Гагарин атындағы Ғарышкерлерді дайындау орталығында дайындықтан өтіп жатыр.   20-27 маусым аралығында ол американдық ХҒС сегментін зерттеу мақсатында Хьюстондағы (АҚШ) Джонсон атындағы НАСА  Ғарыш орталығында болды.  Қазір кестеге сәйкес  Ғарышкерлерді дайындау орталығында ұшу алдындағы дайындықтан өтіп жатыр.

Құрамында қазақстандық ғарышкер бар экспедицияны Байқоңыр ғарыш айлағынан 2015 жылы 2 қыркүйекте Астана уақытымен сағат 10:30 ХҒС-қа ұшыру көзделген.

Н. Айдархан