Қытайдағы қазақтар «Абайдың балалық шағы» атты мультфильм түсіріп жатыр (видео)

Қытайдағы қазақтар «Абайдың балалық шағы» атты мультфильм түсіріп жатыр (видео)
Фото: youtube.com

Абай Құнанбаевтың 170 жылдығына орай Қытайдағы қандастарымыз «Абайдың балалық шағы» атты мультфильмін ұсынбақ. Бұл туралы Baq.kz «Қазақстан» ҰТА-ның тілшісне сілтеме жасап хабарлады.  

Бала Абайдың анимациялық образын жасауды Ғұсман Қажытай есімді қандасымыз осыдан екі жыл бұрын бастаған. Әрқайсысы 13 минут болатын 104 сериялы «Абайдың балалық шағы» «Абай жолы» атты шағын анимациялық студияда жасалып жатыр.

Авторлар мультфильм қазақ, қытай, ұйғыр, ағылшын тілдерінде шығатынын айтады. 

«Дала мәдениетін бейнелейтін мультфильмдер бұған дейін бұл жақта көрсетілмеген. Сол үшін де осы мультфильмнің сәтті шығуына бар күшімізді салып жатырмыз»,-дейді Ғұсман Қажытай. 

Бүгінде жобаның екі сериясы дайын тұр. Осы жылдың қыркүйек айында көпшілікке ресми түрде таныстырылады. Бұдан бөлек жоба авторы Ғұсман қандасымыз дарынды қазақ жастары тәрбиеленетін Абай атындағы аниматорлар академиясын ашпақ. Оның тұсаукесері де қыркүйек айына жоспарланған. 

Еске салайық, бұған дейін Қытайда қазақ ақыны Абай туралы 3D форматындағы 104 сериялы анимациялық фильм түсіруге кіріскендігін айтқан едік.

М. Бисембаева