Қазақстандық сәулетшi Астанаға ыстықтан қорғайтын ерекше күмбез орнатуды ұсынды

Қазақстандық сәулетшi Астанаға ыстықтан қорғайтын ерекше күмбез орнатуды ұсынды
Фото: great-travel
"Астана сәулетi: Бүгiн, ертең" атты конференцияда танымал қазақстандық сәулетшi Бақытжан Әшiрбаев Астананы ыстықтан қорғау үшiн электромагниттiк шатыр орнатуды ұсынды. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.

"Естерiңiзде бар ма, кезiнде елорда үстiн күмбезбен жабуды ойластырған болатын. Қазiр ғалымдар электромагниттi өрiс бойынша жұмыс жасап жатыр. "Екi деңгейлi қабыршақ" деп аталады. Ауа-райы нашар, қатты ыстық болғанда жабылады. Кеше мысалы, аптап ыстық болды. Шымкенттен де асып түскен шығар, шыны керек. Осындай ыстық өтпеуi үшiн, жауып қойсаң болады. Құрылғы қойылады. Ауаны да өткiзедi, ыстықтан да қорғайды", - дейдi ол.

Осыдан үш жыл бұрын жергiлiктi архитектор Евгений Невеличков та осындай ұсыныс тастаған болатын. Оның ойынша, мөлдiр, көзге көрiнбейтiн күмбез Астананың сол жақ жағалауын ыстықтан қорғап қана қоймайды, туристердiң ағылуына да септiгiн тигiзер едi. Ол жоба 1 млрд. доллар болады деп есептеп қойған да болатын. Дегенмен жоба туристер мен энергия үнемдеу арқылы өзiн бiр жылдың iшiнде ақтайды деп санады.

Н. Нұрмаханұлы