«Түбі бір түркіміз» атты фестиваль өтті

«Түбі бір түркіміз» атты фестиваль өтті
Фото: Қыздар университеті

Алматыдағы Қыздар университетінде «ІІ Халықаралық түркі әлемі зерттеулері» симпозиумы өтуде. 21 мамыр күні секциялық жұмыстармен жалғасын тапқан симпозиум аясында «Түбі бір түркіміз» фестивалі болды. Бұл туралы «Қыздар университеті» медиа орталығы хабарлады.

Осымен сегізінші рет өткізіліп отырған дәстүрлі фестивальдің өткізілу мақсаты – түркітану және тіл тарихы курсы бойынша оқитын студенттердің университет қабырғасында алған білімдерін этномәдени тұрғыда қауымға таныстыру, түркі халықтарының ұлттық дәстүрі, салт-сана жоралғыларымен тәрбиелеу арқылы адамгершілік, имандылық, инабаттылық қасиеттерді олардың бойына дарыту, түркі халықтарының тілін, тарихын, рухани құндылықтарын, жазба дәстүрін, әдет-ғұрыптары мен дүниетанымын дұрыс түсініп, қадірлеп, құрметтей білуге үйрету болып табылады.

Фестиваль Қыздар университеті студенттері мен оқытушыларынан құралған ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы «Шаттық отаны» күйімен және мыңдаған шақырым жер басып келген Түрік елі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен ашылды.

«Танысайық сіз бен біз», «Ата салтым – асыл қазынам» атты екі бөлімнен тұрған фестивальдің бірінші бөлімінде түрік, қырғыз, өзбек, башқұрт, әзірбайжан сынды түркі халықтарының ұлттық ән, билері орындалса, екінші бөлімде түркі әлеміндегі әр жұрттың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі көрсетілді. Атап айтқанда, түркі жұртына ортақ «Шілдехана, бесік той», «Наурыз», «Бастаңғы», «Сабантой», «Сүндет той», «Қына геджесі», «Келін түсіру, беташар тойы» сынды қойылымдар сахналанды. Әдемі де, әсерлі, үлкен қошеметпен өткен кеште көрермендер мен қонақтар жерұйық іздеген Асан Қайғы бабамыздай әр түркі мемлекетіндегі бір ұлттық шараның куәгері болды.

Фестиваль барысында сонымен қатар, «Халықтар достығы» биі, Түркі әлемі жастарының «Ұлы дала ұланымыз» әнұраны орындалды. Фестивальдің басты құндылықтарының бірі – түрлі ұлт өкілдерін сомдаған студент жастардың сол халықтың тілінде еркін сөйлеуі мен мен ұлттық билерін тамаша көрсете білгендігі, тамыры ортақ, діңі бір, рухы асқақ, ділі бір тұтас жұрттың жаңғырып жеткен жақсылықтары мен жетістіктерін бауырлас халықтардың тілі мен тарихын, мәдениетін білуге деген асқан құмарлығы болды десе болады.

«Қыздар университетінің студенттері оқу орнында ағылшын тілімен қатар, корей, қытай, француз, парсы, араб, түркі тілдерін оқиды. Бір сөзбен айтқанда, филолог қыздарымыз өз мамандықтарының қыр-сырымен қатар, түбі бір түркі жұртының барлық тілдерін біліп шығады. Ал, бүгінгі шараға келетін болсақ, биылғы фестиваль Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай өткізілді. Жыл сайын өткізіліп келе жатқан, дәстүрге айналған шара бүгінгі ұрпаққа түбі бір түркі жұртының мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін, тілін насихаттай отыра бірлікке шақыру, ұлттар арасындағы ынтымақтастықты, бауырластықты одан әрі нығайту мақсатында өткізіліп келеді», деді аталмыш шара ұйымдастырушыларының бірі, Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, профессор Тыныштық Ермекова.

Елдігіміз бен ерлігімізді, кешегі тірлігіміз бен бүгінгі бірлігімізді айдай әлемге әйгілеген,  әдемі әдептің, өміршең өнегенің үлгісін көрсеткен фестиваль соңында үздік өнер көрсеткендер білім ордасының, Нийде университетінің және Түркі халықтарының мәдени қорының арнайы бағалы сыйлықтарымен, мақтау қағаздарымен марапатталды.

Айта кетейік, кеше басталған симпозиум жұмысына ТМД елдері мен Түркия, АҚШ, Қытай, Корея, Нидерланды, Сербия сынды әлемнің 20-ға жуық мемлекеті мен Қазақстанның барлық аймағынан 500-ден астам түркітану ғылымымен айналысатын ғалымдар қатысуда. Дүниежүзілік басқосу ертең де жалғасын табады.

Н. Айдархан