Ақтөбеде ескерткішті қорлаған жігіт жазаланбайды

Ақтөбеде ескерткішті қорлаған жігіт жазаланбайды
Фото: tn.kz

Ақтөбеде ескерткішті қорлаған жігіт жазаға тартылмайтын болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметіндегілердің хабарлауынша, оқиғаның көп жыл бұрын болуына байланысты қылмыстық іс жабылды. Сонымен қатар, қорланған ескерткіштің тарихи және мәдени құндылыққа жатпайтыны анықталды.

Еске сала кетейік, ескерткіш 2006 жылы тілшілердің еңбегін бағалау мақсатында газет редакциясына қарама-қарсы жерде ашылған. Ескерткіштегі адам мүсінінің қолында кітап бар. Жас бала сол кітапқа отырып суретке түскен.

Жігіттің бұл қылығына Ақтөбе қаласының тұрғыны Динара Бүкенбаева наразылық білдіріп, ер адамды жауапкершілікке тарту туралы полицияға арыз жазған еді. Жігіт өз кінәсін толық мойындады. Ол тергеу кезінде суреттің 2009 жылы түсірілгенін айтты. Ол кезде жігіт 18 жастағы студент болыпты.

М. Бисембаева