Назарбаевты бірқатар елдің басшысы сайлаудағы жеңісімен телефон арқылы құттықтады

Назарбаевты бірқатар елдің басшысы сайлаудағы жеңісімен телефон арқылы құттықтады

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты бірқатар елдің басшысы сайлаудағы жеңісімен телефон арқылы құттықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, алдымен Мемлекет басшысы Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесті. Александр Лукашенко Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтап, мемлекеттер басшылары екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу қарсаңында Мәскеуде болатын кездесу жөнінде пікір алмасты.Телефон арқылы сөйлесуге Беларусь жағы бастамашылық етті. 

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Әбу-Дабидің Мұрагер ханзадасы, Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен телефон арқылы сөйлесті. Әбу-Дабидің Мұрагер ханзадасы Елбасын президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтап, Қазақстанды ілгерілету мен өркендетуге бағытталған ауқымды реформалардың табысты жүзеге асырылатынына сенім білдірді.

"Әңгіме барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту шараларын талқылады. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі негізгі жайттар жөнінде пікір алмасты", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Елбасы Сербия Президенті Томислав Николичпен телефон арқылы сөйлесті. Телефон арқылы сөйлесу барысында Томислав Николич Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады.

Ақорданың мәліметінше, Қазақстан Президенті Сербияның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы Украинадағы дағдарысты реттеуге және Ұйымға мүше елдердің сындарлы диалогын дамытуға қызмет етеді деп үміттенетінін жеткізді. Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Сербияның достық қарым-қатынастарын одан әрі нығайту бағытындағы бірлескен жұмысқа дайын екендіктерін айтты. Телефон арқылы сөйлесуге Сербия жағы бастамашы болды.  

Еске сала кетейік, бұған дейін Ресей федерациясының президенті Владимир Путиннің Нұрсұлтан Назарбаевты президент сайлауындағы жеңісімен құттықтағаны хабарланған болатын. Құттықтау телеграммасында Ресей мемлекетінің басшысы сайлау қорытындысының Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан азаматтары арасында зор абыройын көрсететінін атап өтті.

Айта кетейік, 26 сәуірде өткен Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауында орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметтері бойынша, қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 97,7 пайыз дауыс жинады. 

сурет: tn.kz

Н. Айдархан