1 мамыр – Қазақстан Халықтарының Бірлігі күні

1 мамыр – Қазақстан Халықтарының Бірлігі күні
Фото: assembly.kz, ak-orda.kz

Жыл сайын 1-мамыр күні Қазақстан Республикасында халық бірлігі мен ынтымақтастығы күні аталып өтіледі. Елімізде 15-ден астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүріп келеді. Аталған мереке 1995 жылы Елбасының 18 қазандағы жарлығы бойынша, 1996 жылы 1- мамырдан бастап елімізде тойлана бастады. Бұл күні мемлекетіміздің әр аймағында түрлі іс-шаралар өткізіледі.

Биыл Алматы қаласындағы "Астана" алаңында мерекелік концерт өтті. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қала тұрғындары мен қонақтарды аталмыш мерекемен құттықтап сөз сөйледі. Президент: "Бүгін – ерекше күн, татулық күні. Еліміз осы мерекені жақсы көреді, жоғары бағалайды. Сондықтан, баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!

Ұлт пен ұлыстың ынтымағын дәріптейтін бұл мерекенің қадір-қасиетін жақсы білеміз. Екі күн бұрын ғана өткен Қазақстан халқының Ассамблеясында сөйлеген сөзінде Елбасымыз ел ішіндегі мызғымас татулықтың маңыздылығын атап өтті. Тарихтың сан қилы сын сағаттарында қазақ жерін паналап келген көптеген ұлт өкілдері бүгінде бір үйдің баласындай туыс-бауыр болды.

Заманның тауқыметіне қарамастан, біздің халқымыз солардың бәрін бауырына тартып, барымен бөлісті. Егемендік алған жылдары, көп этносты, көп конфессиялы еліміздің келешегі туралы түрлі теріс болжамдар айтылды. Бұл – белгілі. Алайда, Елбасымыздың арқасында Қазақстан бүгінде түрлі этнос өкілдерінің киелі шаңырағына айналды, абыройлы, беделді мемлекет болды.

Ортақ Отанымыздағы бейбітшілік пен келісім ел дамуының берік негізіне айналды. "Біріңді қазақ бірің дос, Көрмесең, істің бәрі бос" деп Ұлы Абай айтқандай, біз еліміздің жеңісті әрі жемісті күндеріне ынтымағымыз арқылы жеттік", – деді.

 

Елордамызда да түрлі мерекелік шаралар өтті. "Қазақ елі" манументінің алдында "Ынтымағы елімнің, Елбасының еңбегі" атты іс-шара ұйымдастырылды. Аталмыш шараға келген Елбасы түрлі этнос өкілдерінің өнерлерін тамашалады. 20-дан астам ұлт өкілдері бұл шараға өз ұлттық тағамдарын дайындап әкеліпті. Тұңғыш Президент олардан дәм татып көрді.

Елбасы бүгінгі мерекемен құттықтай отыра: "Атата бабамыздан өалған "төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді" деген ақиқат бар. Бабаларымыз түрлі қиын-қыстау замандардан өтіп осынау кең байтақ жерді бізге аманат етті.  Осы бірліктің арқасында біз Тәуелсіз Қазақстан құрдық, ата-бабаларымыздың аңсаған аманатын орындадық. Сол ұғымның арқасында мынау "Қазақ елі" деген монумент тұрғызылды. Мәңгілік ел деген ұғым пайда болды. Мұның барлығы қазақ тәуелсіздігі үшін қасық қанын аямайды деген сөз. Сол қағидаға адал болып, ата-бабамыздың аманатын орындайық. Осы жылдардың ішіндегі жеткен жетістіктеріміздің барлығы елдің бірлігі, халықтың арасындағы тыныштықтың арқасы. Біздің тарихымызда осындай көпэтносты, көпұлтты болғанымызға ешкімнің жазығы жоқ. Біздің де жазығымыз жоқ. Тарих солай болды. Өмір солай болды. Сондықтан біз басқа елге қамқор болып, қазақ халқы көптеген халықтардың ұйытқысы болды", – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Тұңғыш Президент біз бақытты елміз, тәуелсіздігіміздің арқасында көп жетісттікке жеткенімізді айта отырып халықты бірлікке достыққа шақырды.

Т. Раушанұлы