Жастар театрына жаңа көркемдік жетекші келді

Жастар театрына жаңа көркемдік жетекші келді

Ерлан Біләл Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының Көркемдік жетекшісі болып тағайындалды, деп хабарлайды massaget.kz тілшісі театрдың баспасөз бөліміне сілтеме жасап.

Жаңа Көркемдік жетекшіні ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Мәдениет және Өнер істері комитеті тағайындаған. Театрдың баспасөз бөлімінің қызметкері Гүлназ Әділғалиқызының хабарлауынша, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының ұжымы кезекті еңбек демалысынан оралыпты. Ендігіде театрдың жаңа қойылымдары Ерлан Біләлдің жетекшілігімен қойылатын болады.

Ерлан Біләл – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, М.Әуезов атындағы әкем театрдың актері, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының ұстазы, «Өнертану» магистрі. Ол 1971 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Текес ауылында дүниеге келген. 1993 жылы Қазақ Мемлекеттік Т. Жүргенов атындағы Театр-Кино институтын (қазіргі Өнер академиясы) театр-кино актері мамандығы бойынша бітірген. Осы жылы М.Әуезов театрының актерлік тобына қабылданды. 2011 жылы 12 қыркүйегінен бастап театр директорының орынбасары қызметін атқарды.

Сахнадағы негізгі рөлдері:

Ұлттық классика мен заманауи драматургияда – М.Әуезовтің «Абайында» Керім; «Қарагөзінде» Сырым (реж. Ә.Мәмбетов), «Еңлік-Кебегінде» Кебек (реж. Ж.Хаджиев), «Айман-Шолпанында» Әлібек (реж. Е.Обаев), «Абайында» Абай (реж. Е.Обаев), «Қилы заманында» Ұзақ батыр (сахналық нұсқасы Н.Оразалин, реж.Ә.Рахимов), Д.Исабековтің «Жаужүрегінде» Балуан Шолақ (реж. Е.Обаев), Б.Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпайында» қарияның ұлы (реж. Е.Обаев), И.Сапарбайдың «Сыған серенадасындағы» Шәмші (реж. Е.Обаев, Т.Аралбай), «Қыз мұңында» генерал (реж. Е.Обаев, Т.Аралбай), Ғ.Мүсіреповтің «Махаббат дастанында» Қозы («Қозы Көрпеш-Баян сұлу», реж. Қ.Сүгірбеков), Д.Амантайдың «Сәлеметсің бе, қоңыр мұңында!» Қаранар, Б.Мұқайдың «Өмірзаясында» Жас жігіт (реж. Қ.Сүгірбеков), Ш.Құсайыновтың «Үкілі Ыбырайында» Ыбырай, Қ.Ысқақтың «Жан қимағында» Сұлтанмахмұт (реж. Б.Атабаев), Ә.Таразидің «Ақын… Періште…Махаббатында…» Ақын (реж. Ә.Рахимов), М.Ғапаровтың «Тұзды шөлінде» Темір, Қ.Ысқақ, Шахимарденнің «Қазақтарында» Мұхаммед Шайбани (реж. Т.Әл-Тарази), Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?..» реквиемінде Құнанбай (реж. О.Кенебаев), т.б.

Әлемдік классика мен заманауи драматургияда – Шекспирдің «Асауға – тұсауында» Грумио (реж. Ә.Мәмбетов), К.Гоццидің «Турандот ханшайымында» Калаф (режиссері Т.Әл-Тарази), Чеховтың «Шағаласында» Треплев (реж. Б.Атабаев), Гогольдің «Ревизорында» Бобчинский («Пара», реж. Е.Обаев), Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» Ганефельд (реж. Р.Андриасян), Н.Хикметтің «Фархад-Шырынында» Уәзір (реж. А.Әшімов), Ү.Гаджибековтің «Аршын мал аланында» Әскер (реж. Т.Әл-Тарази), А.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеуінде» Вершинин (ауд. Ә.Бөпежанова, реж. Р.Андриасян, А.Кәкішева). т.б.

Ерлан Біләл – Театрдың дәстүрлі «Театр көктемі» фестивалінің бірнеше мәрте жүлдегері. ҚР еңбек сіңірген қайраткері (2009), ҚР Жастар одағы сыйлығының лауреаты (2002). Қазақ Ұлттық Т.Жүргенов атындағы Өнер Академиясының аға оқытушысы.

Кинорөлдері:

«Біржан сал» Сал сері (реж. Д.Жолжақсынов), «Сіз кімсіз, К мырза?» тіс дәрігері (реж. К.Ахметов), «Балалық шағымның аспаны» – ән пәнінің мұғалімі (реж. Р. Әбдірашев) «Ата-жұрт» мектеп директоры (реж. С.Тәуекелов).

Белгілі актер «Хабар» телеарнасында «Алтыбақан», «Кеш қалмаңыз», «Атамекенді» бағдарламаларының жүргізушісі ретінде де кеңінен танымал. Фильмдердің қазақ тілінде көркем шығуына, яғни дубляжға да атсалысып жүр.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: Театрдың баспасөз бөлімі

А. Құлтай