Оңтүстік Кореяда Philakorea-2014 халықаралық көрмесі басталды

Оңтүстік Кореяда Philakorea-2014 халықаралық көрмесі басталды

Корея Республикасының астанасы Сеул қаласында Халықаралық Philakorea-2014 көрмеcі басталды, деп хабарлайды massaget.kz тілшісі.

Әлемнің 90 елі қатысатын филателистика байқауына барлық мемлекеттің делегациясы келіп қатысуда. 7 және 12 күндері аралығында өтетін World Stamp Exhibition көрмесінде әр елдің тарихын, мәдениетін, сонымен қатар даму жолындағы ерекше кезеңдерін насихаттайтын пошта маркалары, қымбат раритеттер мен бірегей экземплярлар кездеседі. Әлемдік деңгейдегі филателия көрмесіне қазақстандық "Қазпошта" акционерлік қоғамы тұңғыш рет журналистерге арналған тур өткізді. Қазақстан делегациясының мақсаты әлемдік деңгейдегі филателистикамен танысып, үлгі алу.

Барлық экспонаттың бағасы орташа есеппен 100 миллиард вонға жетіп отыр (US$1 = W1,019).

Мұнда әлемнің ең қымбат делінетін пошта маркалары қойылды. Оның әрқайсысы миллиардтаған вон тұрады. Бұл көрме Оңтүстік Корея елі поштасының 130 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Шара әр 10 жыл сайын өтіп тұрады.

«Кері қаратылған Дженни», қате штемпельді «Маврикий», «Британдық Гвиана», Қытайдың 1878 жылы тұңғыш шыққан «5 Candarin large dragon» маркасы және тағы да басқа өте құнды жәдігерлер қойылды.

Бұл жолғы көрме "Үйлесім, бейбітшілік және махаббат" деген ұранмен өтуде.

Кореялық таэквондо мектебі көрменің ашылу салтанатында өнер көрсетіп, келген қонақтарды қызыққа бөледі, әр елдің пошта маркаларын таныстырушы гидтер өз елдерінің пошташыларының киімін киген.  

Пошта маркаларының шыққан елін, жерін, мәдениеті мен тарихын насихаттау үшін қонақтарға қолдан жасалған маркалар сыйға тартылды.

Көрме заманауи, креативті маркалар мен оларды көрсету жолдарын да ұсынды. Мәселен, мына теледидарларда пошта маркаларын үлкейтіп көрсетіп, олардың қандай таңба-белгілеріне назар аударылуы керектігі айтылып, толық ақпарат беріледі. Ал теледидар маңында сол құнды пошта маркасы қонақтарға ұсынылады.

Арнайы Сеул қаласынан: Ардақ Құлтай

Сурет: massaget.kz

А. Құлтай