"Астана Опера" сахнасында "Аққу көлі" балеті

"Астана Опера" сахнасында "Аққу көлі" балеті

Композитор П. И. Чайковскидің музыкасына жазылған көрерменнің сүйікті балеттерінің бірі – «Аққу көлі» сәуірдің 25, 26, 27 күндері «Астана Опера» театрының сахнасында төгіледі. Қойылымды қазақстандық қоюшы хореографтар Тұрсынбек Нұрқалиев пен Ғалия Бөрібаева ұсынып отыр. Басты партияда - Әйгерім Бекетаева және Тайыр Гатауов, Гауһар Усина және Еркін Рахметоллаев. 

Қойылымға декорациялар мен кәстөмдер итальяндық шеберлер Эцио Фриджерио мен Франко Скуарчапиноның басқаруымен Қазақстанда әзірленді. Франко Скуарчапиноның бұл балеттегі кәстөмдері венгрлердің, поляктардың, неаполитандықтардың, испандықтардың кәстөміне фольклорлық нотаны салғандығымен ерекшеленеді. Бойжеткен мен бозбаланың нәзік сезімдері жайлы сыр шертетін «Аққу көлі» балетінің сырға толы әрі сиқырлы классикалық нұсқасы көрерменге паш етеді.

Ер жеткенін атап өткен Шахзада Зигфрид бөлмесіне барып, терезеден бір топ аққуды көре сала соңынан ілеседі. Орманға көлдің жағасына жеткенде, ол анасы кәмелетке толуына орай сыйлаған арбалетін аққуларға көздейді. Ол аққулар ханымы Одеттаны атпақшы болады. Одетта аққуға айналған қыздарды мейірімсіз сиқыршы Ротбарт дуалағанын, өз кейіптеріне тек түнде келетінін және алғашқы күн сәулесі шыға сала қыздардың қайтадан құсқа айналатынын айтып береді. Адам қалпына келуі үшін аққулар ханымына бозбала ғашық болуы және оған адал болуы керек. Одеттаның сұлулығына қарсы тұра алмаған шахзада оған сүйем деп серт береді және зұлым данышпаннан құтқаруға уәде етеді. Айлакер Ротбарт болса, жас шахзаданы алдап түсіреді, ол бал өтетін сарайға Одеттаның аузынан түскендей айнымайтын Одиллияны алып келеді. Есі кеткен Зигфрид оған сөз айтады. Шахзаданың берген сертінде тұрмай, зұлымдықтың құрбаны болғанына жауыз сиқыршы қуанады.

Неміс ертегілерінде аталған шығарма әртүрлі аяқталады, алайда біздің нұсқада жақсылық зұлымдықты жеңіп шығады да, Ротбарттың дауыл шақырып, Зигфридтің көзін құртайын деген арам ниеті сиқыршының өзін жалмайды, ал аққудың бейнесі мәңгіге тазалықтың, айбындықтың және сұлулықтың нышаны болып қала бермекші. Бұл ерекше брендтің атауы да, музыкасы да құдіретті.

Ғалия Бөрібаеваның айтуынша, жарық көргеніне 130 жылдан асқан балетті түбегейлі өзгертуге болмайды, неге десеңіз мұнда жауһарға айналған мызғымайтын көріністер бар. «Дүние жүзінде оның мыңнан астам редакциясы бар. Біз бірінші актті шамалы редакцияладық, полонезде әртістер саны өзгереді, үшінші акттің құрамы ұлғаяды. Балдағы би де шамалы өзгерді. 32 аққу (көбейтілген құрамы) басты кейіпкерлердің көңіл-күйін бейнелейді. Жалпы алғанда сюжет өзгерген жоқ, бірақ әдетте қайғылы аяқталатын финалы XX ғасырдың екінші жартысында қайта қаралып, содан бері аяқ жағында ғашықтар бақыт құшады, ал түпнұсқада теңіз тасып, басты кейіпкерлерді әкетеді», - дейді Ғалия Бөрібаева.

Сурет: "Астана Опера" баспасөз қызметі

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina