«Астана Опера» жұмысы «Біржан-Сарамен» жалғасады

«Астана Опера» жұмысы «Біржан-Сарамен» жалғасады

«Астана Опера» театры труппасы гастрольдік сапардан кейін 4 сәуір күні Мұқан Төлебаевтың үздік туындыларының бірі «Бiржан-Сара» операсымен жұмысын қайта жалғастырады. Операның қоюшы дирижері, жаңа музыкалық редакциясының авторы - Абзал Мұхитдинов, қоюшы режиссері - Юрий Александров. Басты партияларды ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова (Сара) және Халықаралық конкурстардың лауреаты Бейімбет Таңарықов (Бiржан) «Астана Опера» сахнасында алғаш рет орындайды.

Естеріңізде болса, 2013 жылдың маусым айында театр өзінің алғашқы маусымын осы ұлттық операмызбен ашқан еді. Ал 2014 жылдың ақпан мен наурыз айларында «Біржан-Сараны» Абай ат. МАОБТ және Мариинский театрының сахнасында гастрольдік сапар аясында көрермендерге ұсынған болатын. Операға жаңаша леп әкелген ресейлік қоюшы режиссер Юрий Александровтың қойылымы ресейлік музыкалық сыншылары мен тіс қаққан көрерменнің жоғары бағасын иеленіп қайтты.

«Бiржан-Сара» операсынан кейін негізгі залда бірнеше тұсаукесер күтіп тұр, атап айтқанда:

11 мен 13 сәуірде көрермен назарына стильдік тұрғыдан француздық, алайда рухы жағынан италиялық «Богема» операсы ұсынылады.

25, 26 және 27 сәуірде көрерменнің сүйікті балеттерінің бірі П. Чайковскидің «Аққулы көлі» қойылады.

Мұнымен қатар өнерді бағалайтын кішкентай әуесқойлар үшін жағымды жаңалық - театр тегін экскурсия жүргізуін қайта жалғастырады. Балаларға шымылдықтың арғы жағындағы өнер ошағының құпия да көпшілік үшін белгісіз түкпірі көрсетіледі.

Сурет: "Астана Опера" баспасөз қызметі

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina