Әріптес достары. "Рубикжан Яхин қандай адам еді?"

Әріптес достары. "Рубикжан Яхин қандай адам еді?"

Қазақ телевизиясының өркендеуіне қосқан танымал телережиссер Рубикжан Яхин 59 жасқа қараған шағында кенеттен ауыр науқастан көз жұмды. Қазадан кейін оның жолдастары мен әріптестері марқұмның жақын туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.

Massaget.kz марқұмның дос әрі әріптестерінің пікірін жинастырған еді.

Диас Ахметшарип, «Қазспорт» арнасының директоры:

- Ағамыздың жарқын бейнесі мәңгілікке жүрегімізде қалады. Арнамыздың білікті маманы еді. Бір жылға жуық бас режиссер болып қызмет атқарды. Жастарға үлгі бола білді. Жалпы спорт саласында, спорт жарыстарын түсіретін ең бір білікті маман деп білемін ол кісіні. 2000 жылдан бері бірге қызмет атқардық. Сондағы ақкөңіл, жарқын бейнесі ғана есімізде болады, тіпті ашуланған кезін ешқашан көрмеген екенмін. Алпысқа таяп қалса да шашында бір ақ шашы жоқ, бәріміз ағамызды жас көретінбіз. Бізді әрқашан жанынан тастамай, алға тартып жүруші еді. Енді бір Алланың қолында ғой, ойда-жоқта ағамыз бақилық болды. Артында қалған балалары мен немерелері, басқа да туысқандарына бүкіл «Қазспорт» арнасы ұжымының атынан қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Қазір мен аэропортта ұшаққа отырғалы жатырмын, ағамызды ақтық сапарға шығарып салуға атсалыссам деймін.

Тоқтар Жақаш, журналист, Рубикжан Яхиннің әріптесі:

- Осыдан бірнеше жыл бұрын "Қазақстан" арнасында команда ауысып жатқан еді. Есік алдындағы орындықта Дәулетхан, Нұрбол және басқа бір топ жігіт әңгімелесіп отырдық. Ғайыптан тайып, сол жерге Рубиктың жетіп келмесі бар ма? Мәре-сәре болып қалдық. Құшақтасып, қалжыңдасып жатырмыз. Осы бір ақкөңіл кісіні мен де бір көргеннен туғанымдай көріп кетіп ем. Ресейде туып өскенін, кейінірек елге көшіп келгенін естігем. Талай жастың қанатын қатайтып, көптеген қыз-жігіттің нағыз қамқоршысына айналды. Біреуді жатырқау дегенді білмейтін. Таныса салып, туған бауырындай әзілдесіп, аңқылдап кетуші еді. "Иә, - деді Дәулетхан Рубикке қулана қарап, - Біздің бақшада неғып жүрсіз?" Ол кезде Рубик "Хабарда", Дәулетхан "Қазақстанның" ДиАпын басқаратын. Рубик те сасқан жоқ. Бірден "Сіздің сол бақшаңыздан кішкентай ғана жер сұрап келіп тұрмын" деді. Ду күлдік. Астарлап айтқан әзілі қандай әдемі еді. Сөйтсек, Рубикжан расымен "Қазақстан" арнасынан қызмет іздеп келіпті. Бірден жұмысқа алынды. Кейін, қызмет бабымен Астанаға кетті. Көріспегенімізге 2-3 жыл өтіпті. Ал бүгін қапелімде Рубик ағамыз елеске айналды. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін осы Рубик түсіріп сақтаған болатын. Көптеген кассетасын КГБ алып кеткен. Бірақ Рубик шамасы жеткенінше біраз таспаны үйіне апарып тығып тастады. Қазіргі мұрағаттағы бейнекөрініс осы Рубиктың арқасында аман қалды. Ол туралы кейінірек тағы айтыла жатар. Жарқылдаған, жалындаған бейнеңді ұмытпаспыз-ау. Бірақ үңірейген орныңды ешкім толтыра алмас. Иманың серік болсын, Рубикжан! Тек қана Желтоқсан көтерілісін түсіріп, таспаны аман-есен мұрағатқа өткізгені үшін Рубикжан Яхинге қандай атақ, қандай орден берсе де артық болмас еді!

Есей Жеңісұлы, республикалық "Айқын" газетінің шығарушы редакторы:

- Рубик аға нағыз кәсіпқой еді. "Қазақстан" телеарнасының спорт хабарлары редакциясында және "Қазспорт" телеарнасында бірге қызмет істедік. Өткен жылы Атырауға бірге сапарладық. Бокс турнирін бастан-аяқ түсіріп, қолдан құрастырылған дерлік ескі пульттен әп-әдемі картина дайындап беріп отырды. Артынан бір кафеде тамақтандық. Сонда әрқайсымызды жергілікті журналистерге мақтана таныстырып, ара-арасында басымыздан сипап, өтірік бокстаса кетіп, барынша мейірленіп еді. Шашын басынан асыра артқа тарап, басын кегжең-кегжең еткізіп күліп отыратын. Рубик ағам жұмыс істеп жатқанда, қасына басшы да, қосшы да жақындай алмайтын. Өйткені ешкімнің кедергі жасамауын талап ететін. Артық қимыл, артық дыбыстың болмауын қатты қадағалайтын. Алматыдағы матчтарды тікелей эфирде жүргізе қалсақ, қасына Өнер академиясындағы студенттерін шүпірлеп отырғызып алып, өзі тар ПТС ішінде пульттерді қабағымен нұсқап отырушы еді. Оларға артық қимыл жасатпай, ыммен басқаратын. Кейде тамаша кадрларды қайталау қажет болғанда керекті пультті сырт еткізіп қозғай салып, рақаттанып отыратын еді.

Жаңа арнаның шаруасы көп болды, сол кезде жиналыс сайын сөз алып, ойын айтып, кейде келіспей қалсақ, екі алақанын екі жағына жая салып: "Біздікі – стариковский ұсыныс, қабылдамасаңдар, өздерің біліңдер", - деп балаша монтиып отыра кететін. Өзінің профессионал екенін білетін және сол биігінен төмендемеуге тырысатын. Қош, аға! Ерте кетіп қалғаныңыз не?.. Талай нәрсе үйретіп кетуіңіз керек еді ғой... Алла иманыңызды бұйыртсын, бақұл болыңыз...

Нұрғазы Сасаев, Алаш айнасы газетінің "Дода" айдарының меңгерушісі:

- Менің еңбек жолым Рубикжан ағамен ешқашан тоғысқан емес. Алматыға келгелі тек спорттық газеттерде жұмыс істегендіктен, жұмыс барысында араласып кетудің де сәті түспепті. Бірақ абзал ағамыздың қазақ спортына сіңірген еңбегінен хабардармын. Әсіресе Желтоқсан оқиғасындағы ерлігін ерекше бағалайтындардың бірімін. Футбол туралы бағдарламалардың басы-қасында жүріп, теңбіл доп додасының табан тірескен ойындарын жанкүйердің көз алдына буын бұрқыратып ұсына алатын таланты мен қабілетіне тәнті болып жүретінмін. Тәуелсіздігімізге қол жеткізген соң тыңнан түрен салып, футбол додалары жайлы қазақша бағдарламалар түсіруге сүбелі үлес қосқан ғазиз ағаның елеулі еңбектері қазақ спорт тарихында ешқашан ұмытылмайды деп ойлаймын. Жаныңыз жаннатта болсын, Рубикжан аға.

Телмұхамед Күдеров, «Қазспорт» арнасының редакторы:

- Рекең жақсылыққа жаны құмар адам еді. Бір өте жақсы қасиеті – жанындағы жастарға қол ұшын созып, білмегенін үйретуден жалықпаған кісі болатын. Өз басым ағамызбен 1996, 1997, 1998 жылдары бірге жұмыс істедім. Бір сөзбен айтқанда Рекең қандай істе болсын, дөңгелетіп әкететін қабілетті адам еді. Топырағы торқа, жатқан жері жайлы болсын дейміз. Артында істеген ісі, атқарған қызметі, өзінің көзіндей жолдастары қалды. Бұл дүниеде қолы жетпегенін ұлына берсін. Сондай үлгілі, өнегелі отбасыдан шыққан ұлы Тимур Бекмамбетовпен бірге жұмыс істейтін білімді режиссер болды. Рекең Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында сабақ беріп, талай шәкірт ілестірді. Топырағы торқа, жатқан жері жайлы болсын дейміз.

Әуесбайдың Қанаты, журналист:

- Рубикжан аға, үнемі жайдары жүретін, аузынан әзілі түспейтін. Елуді әлдеқашан еңсерсе де абзал ағамыз ширақ, жылдам қимылдайтын. Қашан көрсең іссапарларда жүруші еді. Мұнысы енді жастарға үлгі. Телевизияда «пульт режиссері, монтаж режиссері» деген болады. Рубикжан ағаға соның етене жақыны «пульт режиссері» еді меніңше. Бұл дегеніңіз толып жатқан іс-шаралар - концерттерден, ойын алаңдарынан телетрансляцияларды басқару, режиссерлік ЖТС (жылжымалы телевизиялық стансаны) пультінде отыру. Мұндай телекөрсетілімдерде бір емес, көптеген камера қосылып тұрады. Сол камералар ұстап тұрған жақсы кадрларды қиыннан қиыстырып келтіру пульт режиссерінің міндетін Рубикжан аға мүлтіксіз атқаратын. Қазақ телевизиясы бейнеқорында Рубик ағаның көптеген еңбегі, ізі сайрап жатыр. Осыдан үш жыл бұрын жан досы, әріптесі, журналист Абзал Әбенов аяқ астынан қайтыс болғанда көкірегі қарс айырыла тебіреніп естелік айтқан еді. Көзден ыршып кеткен тамшы жасына қарап досқа деген адалдық қимастығын байқап ек. Сол абзал ағамыз туралы өткен шақта сөйлеп отырамыз деген ой мүлде келмепті. Бақұл бол, аға!

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: Нұрғиса Елеубеков

А. Құлтай