Асанәлі Әшімов. Табалдырықтан биік тау жоқ, жақын туыстан артық жау жоқ

Асанәлі Әшімов. Табалдырықтан биік тау жоқ, жақын туыстан артық жау жоқ

"Бұл күнделіктер бүгін не болды соны тізу. Жазушылық өнер жоқ, тек қана факт" деп жазыпты Асанәлі Әшімов. Асекеңнің өзі айтқандай назарларыңызға әр жылдары актер күнделігіне түскен өз ойлары, көрген-түйгендері, көзқарастарын ұсынып отырмыз.

27.01.94

Бұрын театрға «Бүгін мынау актер ойнай ма?» деп қоңырау шалушылар болып жатушы еді. Қазір ол жоқ. Жалпы, актер жоқ. Сондықтан театр жоқ, көрермен жоқ.

3.03.94

«Жамбыл поэзиясының шыңы – Сталинді мақтаған өлеңдері ғой» дейді кейбіреулер, күмәнім бар. Сталин туралы бір жолында: «Тек тұрғаны болмаса, онда тіл де, үн де жоқ» депті.

4.01.95

Сократқа у ішкізген...

13.01.95

Театрдың іші былық-шылық. Әзірбайжанды қумақшы. Кейбір актерлер Мәмбетовті сатып жүр. Өнер адамдарының заманның, басшының қабағына бейімделуі жақсы фактор емес. Өзім тәрбиелеген бір актер жасаған ескертулерімізді көтере алмай, өзіме ауыр сөздер айтты. Көңілім онсыз да жарым жан боп жүрген кезде ауыр тиді.

1.06.95

Мұстафа Кемал Ататүрік: «Біздің бәріміз парламент депутаты бола аламыз, минстр бола аламыз, тіпті Республика Президенті бола аламыз, бірақ ешқайсымыз өнер адамы бола алмаймыз. Осылай болғандықтан да өнер адамы біздің емес, біз өнер адамының қолынан сүйеміз».

2.09.95

Қазіргі басшылардың көбіне сенбеймін. Тым уәдешіл.

15.09.95

Мәскеуден келдім. Үйге келісімен Майраның портретінің алдында әбден жыладым. Аздап ішкендіктен болар. Жайраңдап қарсы алатын Майраның портретімен ғана тілдестім.

Өкінішім, арманым, қайғымның бәрін көз жасыммен жудым.

21.11.95

Кешкісін Шота келіп, мұңдастық, ағымға риза емес. «Ары қарай не болар екен?» деген үлкен сұрақ тұр.

26.12.95

Мәскеу. Киноның 100 жылдығы. Жириновскиймен суретке түстім. Күлкі үшін. «Су ішкен құдығыңа түкірме! Байқа, әруақ ұрып кетіп жүрмесін! Елге тиіспе», - дедім.

18.09.96

Оспанхан Әубәкіровтың 1956 жылдары, студенттік кезде «Актер» газетіне маған жазған эпиграммасы:

Көп сөздің естіп жүрміз суығын да,

Жақындап бара алмаймыз жуығыңа.

Шырағым, рапираңды шошаңдатып,

Біреудің сұғып алма қуығына.

(Мен рапира спортынан бірінші разрядқа дейін жеткем)

2.10.96

Қазақ спектакльдерінің көбісіне сахналық мәдениет жетіспейді...

31.10.96

Менің бір байқағаным: қазақ тамаққа жақын. Тамақ болып, үйде кісі көп болып, бос әңгіме, қысыр сөз болса жанның рахаты деп түсінеді. Жалқаулықты бізге аямай-ақ берген ғой.

15.12.96

«Әйел десем әжем кетеді».

«Жерде жетім жыласа, аспанда тәңірім қайғырады».

Малайсары қара тама асық ойнап жүрген балаларға «Сәлем бермедіңдер» деп, қамшы жұмсапты. Сонда Сырым тұрып: «Аға, сәлемді кімге береді, үлкенге береді. Біз көппіз, біздің жасымыз үлкен ғой. Біз көппіз, көпке сәлем беру керек»,- депті.

20.12.96

Театрдың 70 жылдығына Президент келді. Той. Фарида екеуміз «Еңлік-Кебектен» үзінді бердік. Жаманқұловтың Президенттің қолын сүйіп, маңдайына басқанына ел әрі таңданып, әрі күлді. Ол бізге таныс нәрсе болған соң, таңданғамыз жоқ.

6.11.02

Репетиция. «Ақырзаман». Ақселеу мен Қойшығара телефондап, Шотаның офисіне шақырды. Одан Республика сарайындағы Айгүл Үлкенбаеваның концертіне бардық. Керемет. «Паганини в домбре» деп баға бердім. Бәрін үйге апарып, қонақасы бердім. Шота мен Еркеғалидың Стамбулда базарға барып сауда жасағанын айтып күлдірдім.

Бір машинада екеуі артында, мен алдында. Түрік айдаушысына «Мына кісі мүсәпірді (түрікше қонақтар деген сөз) базарға апар» десем, Шота ренжіп, Ерекең күлкіге булығуда. «Мүсәпір» деген түрікше «қонақ» деген сөз. Сен ашуланба деп жұбатты.

Базарға кіре беріс жердегі дүңгіршекте балалардың тоны сатылады екен. Екеуі жапа-тармағай тон алуға кірісіп. Есіл-дерттері арзанға алу. Менің: «Асықпаңдар, аралап көрейік» дегенімді екеуі тыңдар болмады.

- Қанша? - деп сұрады Шота.

- 40 доллар, - дейді түрік сатушысы. Шота да қояр емес.

- 35 долларға берсейші, - деп қолқа салды. Түрік сатушысының ажары кірді. Байқаймын, іштей қуанып тұр. Сөйтті де:

- Сен қымбатқа саттың, - деп айбат көрсеттім. Сатушы «Дымыңыз ішіңізде болсын» дегендей ым берді. Осыны пайдаландым да, «Маған 10 доллардан бермесеңіз, мына екеуін айнытамын» деп сыбырладым. Ол амалсыз келісті.

Қонақ үйге келген соң алған тондарымызды қарай бастадық. Шота мен алған тондарға қызығып тұр.

- Қаншадан алдың? – деді ол маған. 10 доллардан алғанымды айттым. Екі көзі бақырайып, отырып қалды. Ерекеңнің ішек-сілесі қатып, «бізді отырғызған екен» деп жатыр. «Сорақысы бұл емес. Қоштасарда түрік сатушысы: «Мына екі ақылманды ертең тағы да ертіп келіңіз», - деп тапсырма берді деймін мен. Сөйтіп, отқа май құя түстім. Ал, Шота аң-таң.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: А.Әшімовтың жеке мұрағанынан және aynaline.kz

M. Auelkhan