Әнші Луи Армстронгтың өз даусын ұнатпағанын білесіз бе?

Әнші Луи Армстронгтың өз даусын ұнатпағанын білесіз бе?

1891 жылдың 4 тамызы – джаз жанрының ұлы орындаушысы Луи Армстронгтың туған күні. Осыған байланысты оның өміріндегі ең бір қызықты деректерді топтастырған едік. 

Армстронг өз туған күнін өлгенше білмей кеткен. Сөйтіп, өзі 1890 жылдың 4 шілдесі деп қолдан белгілеп алады. Бұл датаны ол бекер таңдамаған, бұл күн АҚШ-тың тәуелсіздік күні. Ал, негізінде, Луи тура бір жыл және бір айға қателескен. Туу туралы куәлігі аңыз әншінің бұл дүниемен қоштасқанынан кейін табылған. 1980 жылдары табылған құжатта оның туған күні 1891 жылдың 4 тамызы деп жазылған.

Луи өз әйеліне ән орындап беруде, 1961 жыл

Армстронгтың Сачмо деген лақап аты оның музыкаға алғаш қадам басқан күнінен бастап қойылды. Бұл сөздің шығу тегін әртүрлі нұсқалармен таратып түсіндіруге болады. Бірақ сол нұсқалардың барлығы да бұл сөздің ағылшын тіліндегі Satchel Mouth (сөмке аузы) деген сөзінен шыққан дегенді айтады. Луидің өзі де бұл лақап атын бала кезінде аузы үлкен болғандықтан балалардың мазақтап айтқаны деп түсіндіреді. Оның Сачмо және Сэчелмаут деген лақап аттарынан басқа да көптеген екінші аты болған. Әр уақытта оның достары оны Гейтмаут, Диппермаут, Диппер, Попс деп атай берген.

Элла Фицджеральдпен бірге ән орындап жатқан сәт

Армстронг өзінің музыкалық мансабының револьвер тапаншасымен атқанынан кейін басталғанына сеніп кеткен. Бұл жайында Сачмоның автобиографиялық еңбектерінде көп жазылған. Ол өзінің бірінші концерттерін алты жасар бала кезінде Нью-Орлеан көшелерінде бере бастады. Ал өмірінде ұстаған тұңғыш корнетке ақшаны өзі жалданып жұмыс істеген еврейлер отбасы беріпті. Армстронг бұл аспапты өзі үйрене бастайды. Сөйтіп жүріп тәртіп түзеу мектебіне түсіп қалады.

Сачмо Нью-Йорктағы үйінің алдында көрші балаларға ән орындап үйретіп жатыр

Ол 1913 жылдың бірінші қаңтарында жаңа жылды өзгеше тойламақ болады. Анасының таныстарының бірінің қалтасынан револьвер тапаншасын ұрлап әкетіп, көшеге шығып, атқан. Тәртібі қиын балаларға арналған мектептің ансамбль дирижері оған тұңғыш рет кәсіби музыкадан сабақ береді. Бұл мекемеде бір жарым жылын өткізген ол 13 жасында бостандыққа шығады. Осыдан кейін Армстронг еш жерде музыкалық білім алмаған.

Грейс Келлимен бірге "Жоғағы қоғам" фильмінің түсірілімі кезінде, 1956 жыл

Армстронг бала кезінен аспапта қате ойнап бастаған. Ол үрмелі аспапты аузына апарғанда аузын қате қойып жүріпті. Мамандардың пікірінше, дәл осы қателік Сачмоның жоғары ноталар алып, таза әрі қуатты дыбыс шығаруының кепілі болған. 50-ші жылдары музыкант бұл әдіспен ойнауға шамасы келмей қалады – оның ерні ауырып, деформацияға ұшырайды.

Армстронг дауысының ғырылын кетіру үшін ота жасатқан. Бұл 30-шы жылдардың орта тұсы еді. Бұл кезең оның мансап жолының шарықтау жылдары болған. Сөйтіп, уақыт өте келе өзінің ғырылы басым дауысының кереметіне көз жеткізе бастайды.

Оқи отырыңыз: 

Майкл Джексонның XSCAPE атты жаңа альбомы жарық көрді

Виктор Цойдың ең соңғы концерті (Видео)

Пьер Корнель – классицистік трагедияның атасы

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: kp.ru

А. Құлтай