Ауа райына тапсырыс беретін суретші

Ауа райына тапсырыс беретін суретші

Мэтью Элбаниз (Кей жерде Мэтью Олбаниз) ауа райына тапсырыс береді, ал анығында сол ауа райының кейпін өзі жасайды. Оның қолынан жылдың мезгілдерін жасау да, миниатюралық фотография да келе береді.


Жоба идеясы күтпеген жерден пайда болған. Ол 2008 жылы фотографиямен айналыса бастайды. Оның бірінші студиясы асхана болған. Асхананы тазалап жатып Мэтью ұнтақ төгіп алады да оның көмегімен пейзаж жасап көреді. Түс те, текстура да оған қатты ұнайды. Сөйтіп, ол 11 келі ұнтақ сатып алып, бірінші сахнасын жасап шығады.

«Мен әлдеқайдан идея алып немесе шабыт шақыратын дүниелерді іздемеймін, әрбір жұмыс өз ойымдағы: балалық естеліктер, барған және барғым келетін жерлер жұмысқа арқау болады» дейді Мэтью.

Бір ғана суретке бір айдан жарты жылға дейін уақыт кетеді. Бұл ұзақ процесспен ол тек қолы бос кезде ғана айналысады екен. Оның басты мәселесі – қажетті заттар мен жарық екенін де айтып өткен. Осының ішінде әсіресе жасанды сахнаға дұрыс түсірілетін жарықты іздеп табу қиынның қиыны. Мәселен ол бір ғана суреттің табиғи болуы үшін 11 түрлі жарықты қолданады. Бірақ оның суреттерін шынайы ететін де осы жарық. Суретке түсіру кезінде нәтиже бірден білінбейді, тек ең соңында, суретті монитордан көргенде ғана оның сәтті я сәтсіз екенін аңғаруға болады. Бір қызығы, өмірде сол кішігірім сахнаны көрсеңіз оның не екенін бірден түсіну қиынға соғады.  

Көп уақыт бойы оның қолдан жасаған ауа райы бұзыла бастайды. Мәселен, кейбір заттар үгітіліп, ал кейбірі тіпті де шіріп кетуі неғайбыл. Сондықтан ол жасалған сахнаны сақтап қоя алмайды екен.

Сахна жасауға автор алғашқы кезде 100$ жұмсаса, кейінгілеріне 700$-ға дейін қалта қағады. Ал ойыншық үйдің макетін жасауға 3000$ көлемінде қаржы жұмсалыпты.

«Әрбір сурет те жақсы шыға беруі мүмкін. Бірақ ондағы әрбір деталь адам эмоциясын беруі керек. Түсіру техникасы да маңызды. Мен әрбір жұмысымда авторлық көзқарасымды білдіргім келеді», - дейді Мэтью Элбаниз.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: bird.com

А. Құлтай