Мейрамбек пен Мархабаттың отау құрғанына 10 жыл толды

Мейрамбек пен Мархабаттың отау құрғанына 10 жыл толды

Осыдан бір жыл бұрын Мейрамбек Беспаев сұхбаттарының бірінде "Осыдан 9 жыл бұрын дәл осы күні, яғни, 8 шілдеде Мархабат жеңгеңмен отауласқан едік. Сол күнгі көрініс әлі көз алдымда, Елбасымыз сыйлаған қаламмен некеге келісім беріп, қол қойған болатынмын" деген екен. 

Бүгін халықтың сүйікті әншісі Мейрамбек Беспаев пен жары Мархабаттың отау құрғанына он жыл толып отыр. Соған орай, өнердегі, өмірдегі аға-әпкелері мен әріптестері құттықтау тілектерін білдірген еді.

Асанәлі Әшімов
Қазақстанның халық әртісі

- Мейрамбектей өнерпаздың қуанышына әрқашан ортақпыз. Бар шаттық-қуанышы бала-шағасының ортасында көп болсын. Бақытты өмір сүрсін. Елдің қалаулы азаматының мерейі үстем болып, шаршамай, талмай асқақтай берсін.

Мақпал Жүнісова
Қазақстанның халық әртісі:

- Мейрамбекжанды біз өте жақсы көреміз. Халықтың баласы дейміз. Оның әлі халыққа берері көп. Оның жанындағы жанын түсінетін әдемі жарымен махаббаттары ұзағынан болсын. Шығармашылығының нығаюына оның жан жары тікелей әсер етеді. Міне, соған атсалысып Мархабат келініміз жүре берсін. Екеуіне шын жүректен бақыт тілеймін.

Роза Рымбаева
Қазақстанның Халық әртісі

- Мейрамбек біздің халқымыздың сүйікті ұлдарының бірі. Талантты әрі сымбатты, сері. Нағыз қазақтың жұлдызы деуге болады. Себебі оның көрермені өте көп. Оның отбасын да, кішкентай қызы бар екенін де білемін. Бүгін міне, сол қуанышқа он жыл толып отыр екен. Он жыл бақыттары мен шаттықтарын он есе көбейтсін деген тілек айтамын. Алдағы уақытта тек қана қуанышта өмір сүрсін. Өнер адамына ең қажеттісі денсаулық қой, денсаулығы мықты болсын. Мейрамбек, меніңше, бақытты адамның бірі, сол бақыты ұзағынан болсын.

Бағдат Сәмединова
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші:

- Мейрамбекті бәріміз жақсы көреміз. Мейрамбектей жігітке асыл, адал жар болу өте қиын екенін білеміз. Мархабатқа көп рақмет, Кәусардай әдемі қыз тауып берді. Ендігі кезекте дәл Мейрамбектей бір ұл тауып берсе екен дейміз. Екеуінің жұбы жазылмасын. Біз қазақтың келіні қандай болуы керек дегенде Мархабатты үлгі етіп көрсететіндей болайық. Ал Мейрамбекке әрқашан дені сау болсын дейміз, халқын әрқашан қуанышқа бөлей берсін. Жас отаулардың символы болып, кейінгілерге үлгі болсын!

Лұқпан Жолдасов
әнші-сазгер:

- Менің де үйленгеніме отыз бір жылдай уақыт болып қалыпты. Сол біздің жолымызды берсін дейміз. Әрқашан бақыттан басы айналып, елінің елеулі азаматы болып жүре берсін.

Нұрлан Албан
әнші, «Үркер» тобының экс-солисі:

- Мейрамбек біріншіден, менің жақсы көретін бауырым. Қазақтың үлкен азаматы. Екіншіден Мейрамбек оқуда бірге болған топтасым. Үшіншіден Мейрамбек құрдасым. Бүгін шаңырақ көтергеніне 10 жыл толуы үлкен жақсылықтың бастауы деп білемін. Себебі, отбасы 5 жылға дейін сынақта болады дейді, ал сол бес жыл өткеннен кейін қорғасындай қатып қалады дейді. Мінекей, шаңырақ көтерген 10 жылы қорғасындай қатқан, әбден бекіген, пісіп жетілген үлкен шаңырақ. Мейрамбектің өзі өнерде орта буында жүрген үлкен азамат. Отбасына әрқашан да береке, бірлік, ауызбіршілік тілеймін. Ұрпақ саны көбейе берсін. Әке-шешесіне күш-қуат берсін. Жанұясына жақсылық, шаңырағына шаттық тілеймін.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: gazeta.kz, akjunis.kz

А. Құлтай