Леонардо Ди Каприо: "Мен ешқандай да Ромео емеспін!"

Леонардо Ди Каприо: "Мен ешқандай да Ромео емеспін!"

Өткен жылы елімізде көрсетілген «Уолл-стрит қасқыры» фильмінде басты рөлде Мартин Скорсезенің сүйікті актері Леонардо Ди Каприо ойнағаны естеріңізде шығар. Аталған фильм көпшіліктің көңілінен шықпаса да, өз саласын мықты меңгерген білікті актердің өмірі әлем жұртшылығын қызықтыруда. Назарларыңызға GRAZIA тілшісі Марина Штерн дайындаған сұхбаттың аудармасын ұсынамыз. Бұл сұхбатта актердің шығармашылығы мен үйлену тойы туралы жазылған.

- Сіз Мартин Скорсеземен бес фильм түсірілімінде бірге жұмыс істедіңіз. Екеуіңіздің ара-қатынасыңызда еш нәрсе өзгермеді ме?

- Біздің арамыздағы сенім нығая түсті. Бұл жолы уақытты босқа шығындамай, импровизацияға жол бердік. Негізі бір-бірімізді өте жақсы түсінеміз! Монтаж кезінде таңдайтын кадрлар болды. Мен Уолл-стрит жайында жақсы білетіндіктен, Марти ол туралы түсіндіріп әуре болмады. Өзім де сол заманның адамымын ғой. 90 жылдары Нью-Йоркте тұрып, қала адамдарымен араластым. Олар тыңдаған әуенді бірге тыңдадым.  

- Сіздің кейіпкеріңіздің шынайы Джордан Белфорт есімді прототипі бар. Сізге онымен кездесу бақыты бұйырды ма?

- Бәрі өз ретімен! Ол бүгінгі таңда ешкімнен тығылмай бизнес пен табысқа қатысты дәріс оқып жүр. Мен оны сценарийді жазысуға көндірдім. Бұл фильмге дайындалу үшін 5 жыл уақытымды жұмсадым. Ақша туралы фильм түсіру үшін көп қаржы керек болды. Оны табу да қиынға соқты. Уолл-стриттің қалталы азаматтарынан «Осы аймақтың қызғаншақ байлары» туралы фильм түсіреміз деп көмек сұрадық. (Күлді). Мен Белфорттан барлығын біліп алдым. Тіпті, қандай анаша қабылдап, оның ағзаға қалай әсер еткендігін де. Джорданның өткен өмірі туралы ашық айтып беруі маған үлкен көмек болды. Оның ішінде маған білуідің қажеті жоқ жерлері де бар еді. Нәтижесінде бюджеті 100 миллион долларды құрайтын тәуелсіз кино түсіріп, ешкімнің қолынан келмейтінді жасадық!


- «Уолл-стрит қасқыры» киносы басқаларынан несімен ерекшеленеді?

- Аталған кино америкалық арманға лайық сатира. Бұл өмірден жалыққан адамның жетілуі туралы оқиға. Мен, тіпті, бұл картинаны «Біздің уақыттың Калигуласы» деп атайтын едім. Джордан бір кезде табысын атап өту үшін кеңсеге бишілерді шақырып, ролик пен памперс киген шимпанзені алдырғандығын айтты. Фильмде Джорданды дәл осындай өзімшіл етіп көрсеткіміз келді. Бұл қолымыздан келген сияқты. Мұнымен қатар «Қасқыр» қара юморға малынды. Адамдар қатты болған сайын, қалжыңдары да соншалықты көңілге тиетіндей болады ғой.

- Ал сіз өзіңіздің кейіпкеріңізге қандай көзқарастасыз?

- Джордан – адамгершіліктен мақрұм қалған заманның чемпионы. Өзге әріптестері секілді қулықпен ақша табуды жоспарлаған жоқ, тек аз уақыт ішінде көп ақша алғысы келді. Белфорт алдында тұрған кедергі мен заңға қолын бірақ сілтеп қоя берді. Ол тәуекелге барып, өмірді сынай түсті. Ешкім де оған қарсы келеді деп ойламады. Өкінішке орай, нашақорлыққа салынып, өзін дөп кезінде тоқтата алмай кетті. Шарықтау мен бір сәтте сүрініп құлауды баяндайтын классикалық оқиға. Және капитализмнің діннің рөлін атқарғанда не болатындығын ашып көрсетеді.


- Сонда неге алып келеді екен?

- Біз жабайы Батысқа қайтып ораламыз: кім өзгелерге қарағанда шүріппені баса білсе, соныкі рас. Ұрпақтың болашағына мұра етіп қалдыратын этика, адамгершілік заңдары жоқ.

- Леонардо сіз кішкентай кезіңізден түрлі рөлді сомдап келесіз. Олардың барлығы да қызықты. Сонда сценарийді қалай таңдайсыз?

- Егер мен кейіпкерді бірден тани алмасам, оның бір жұмбағы болғаны. Ал жұмбақ жандар мені үнемі қызықтырады. Қиын мінезділерді ұнатамын. Мысалы, Гэтсби – өзін-өзі ойлап тапқан адам. Ол – ессіз романтик, сүйгенінің құлы, қауіпті бұзақы және ақша десе, арын сатуы да ғажап емес...

 

- Сіздің Гэтсбиіңіз смокингпен тамаша көрінеді. Ал өзіңіз сәнге қызығасыз ба?

- Шынымды айтсам, жоқ. Бірақ, айтарлықтай хабарым бар. Күнделікті тұрмыста ыңғайлы киімді киемін. Ал егер премьераға баратын болсам, ситуацияға сәйкес костюмді өзім таңдаймын. Қызыма да қалай киіну керектігіне кеңес бере аламын.

- Танымалдылық сізге ауырлық түсірмей ме?

- Сіз қалжыңдап тұрсыз ба? Ол көптеген адамға жайлы өмір сүруге кедергі жасайды. Бірақ менің жолым болды. Өйткені мен өзім жақсы көретін іспен айналысудамын. Мұнымен қатар жұмысым үшін өте жақсы ақша төлейді! Нақтырақ айтқанда, кино картиналарға продюсер болатындықтан, өзіме өзім жалақы берудемін. Білесіздер ме, мен бала күнімнен-ақ өзім білетін адамдардың барлығына пародия жасайтынмын. Мектепте айналысатын іс қалмаған кезде мұғалімім шақырып алып: «Лео, бері келіп, біреудің рөлін сомдап берші» дейтін. Барға қанағат дегендей. Бүгіндері лотерея билетін ұтып алғандаймын!


- Яғни актер болуды жастайыңыздан армандадыңыз ба?

- Мен Голливудте өстім. Бірақ кастингке барып бағыңды сынап, артынша өтіп жатсаң, киноға түсіп кету мүмкіндігің бар екенін білмеген екенмін. Актерлердің арасына тап болу мүмкін емес деп ойлайтынмын. Бірақ барлығы мен ойлағаннан жеңіл болып шықты. Ал шындығында өмірде өзімнің орыс апама ұқсағым келетін еді. Ол кісі өте білікті адам болатын.

- Сіз үшін бұл өмірдегі ең қымбат құндылық не?

– Мен жұмысқа бар ынтаммен кірісемін, сондықтан арасында миымды жақсылап тынықтырып отыруым қажет. Осы уақыт ішінде бірге қызықты сәт өткізуге болатын достарым пайда болды. Олардың жанында өзімді жайлы сезінетіндіктен, маманның терапиясында отырғандай күй кешемін. (Күлді).

Лео қыздарды қатты жақсы көреді. Бірақ әзірге оларды отбасын құруға емес, велосипедпен серуендеуге ғана шақыруда.

- Үйлену туралы ойламадыңыз ба?

- Әзірге үйленгім келмейді, бірақ бәрі де болуы мүмкін. Мен болашаққа жоспар құрмаймын, тек бір күніммен ғана өмір сүремін. Маған көп қыз ұнайды, мүмкін өте көп шығар. (Күлді). Мұндай қадамға бармас бұрын, болашақ жарыммен 10 жыл бірге тұрып көруім керек болады. Мен ешқандай да Ромео емеспін!


- Егер атақты кейіпкермен байланысыңыз болмаса, басқа қай кейіпкеріңізге ұқсайсыз?

- Ондай кейіпкер жоқ! Мәселе менің ережеге бағынбайтын, психологиялық ауытқуы бар кейіпкерді ойнағанды жақсы көретіндігімде. Бұл маған шабыт сыйлайды. Мысалы, «Қарғыс атқандар» фильміндегі рөлім өзіме қатты ұнайды. Бірақ өмірде мүлдем басқамын. Мүмкін орыс апама қаттырақ ұқсаған нағыз мінезі бар жігіт шығармын. Көп адам ашуланатын дүниеге бола жүйкемді тоздырмаймын. Айқайлап, ашуланатын сәттерім болған емес деп айтсам да болады. Қысқасы, мен бақыттымын. Бұл қалпымды мәңгілік сақтауға дайынмын. Ал барлық қайғы-мұң тек камера үшін.  

Оқи отырыңыз: 

Леонардо Ди Каприо: "Жүрегім махаббаттан бір емес, бірнеше рет жараланған"

Леонардо Ди Каприо президенттің рөлін сомдайды

Леонардо Ди Каприо Абайдың рөлін сомдайды

Ди Каприо кинодан кететінін айтты

Оскар алмағандар

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: liveinternet.ru

Қ. Бүйенбай