Суретші Марк Ротко туралы он дерек

Суретші Марк Ротко туралы он дерек

Өткен жылы бейнелеу өнеріндегі абстракті ұғымның негізін салушы, америкалық суретші Марк Ротконың туғанына 110 жыл толған еді. Сол себепті, белгілі қылқалам мамандары оның тарихта қалған есімін қайта жаңғырту мақсатында Ротко туралы деректерді, қанатты сөздерді жинақтауды бастаған болатын.

1.Маркус Роткович (суретші Марк Ротко лақап атын 1940 жылдан бастап қолданады) Витебск губерниясындағы Двинск қаласында (қазіргі Даугавпилс, Латвия) дүниеге келген. Сосын Маркус әке-шешесімен  АҚШ-қа көшіп, Портлендке орналасады.

2. Йель Университетінде оқып жүріп Марк Ротко Аарон Директор есімді досымен бірге WASP қоғамын сынайтын сатиралық журнал шығара бастайды. Соңыра болашақ суретші оқуды тастап кетіп, тек 46 жылдан кейін оны тәмамдап, докторлық дәрежені иемденді.

Марк Ротко "Ақ сызық"

3.Марк Ротконың алғашқы туындылары реалистік тағылымда ("Тоқып отырған әйел", "Жертөледе") болған. Содан кейін ол көне грек аңыздарының сюжеттерін сала бастаған. Егер Пикассо немесе Далимен салыстыратын болсақ, Маркустың сурет салуға деген қызығушылығы кеш басталған (20 жасында). Бұл қызығушылық Нью-Йорктегі Өнер мектебінде өз досымен кездескен сәтінен бастау алады. Соңсоң Маркус сол өнер мектебіне оқуға түседі. Маркус оқыған жылдары бұнда абстрактілік сюрреализмнің негізін салушылардың бірі Аршиль Горки мен поляк-американдық кубист Макс Вебер дәріс оқыған болатын. Олардың Ротко әлеміне қатты әсер еткені айдан анық.

Марк Ротко "Жасыл мен көк"

4. «Көрермендер менің суреттерімді тамашалау кезінде қандай сезімде болса, мен де сол суреттерді салу барысында сондай сезімде болған боламын», - дейді Ротко 1965 жылы. Оның кез-келген туындысында өзекті пікір қалыптастыратын құпия бар. Оны суретшінің көзімен қараған немесе өнерден білгені бар адам ғана түйсіне алады.

5. «Сарғылт, қызыл, сары» картинасы 2012 жылы соғыстан кейін салынған суреттердің ішіндегі ең қымбаты болып жарияланды. Ол бәссаудада (аукцион) $86,9 миллионға сатылды.

Марк Ротко "Сарғылт, қызыл, сары"

6. Марк Ротконың «Қоңырдағы қара» туындысы өткен жылы Лондондағы Tate Modern галереясында бүлініп қалған. Поляк суретшісі Владимир Уманец картинаға «Йеллоизмнің бөлігі» деп қара маркермен жазып кетеді. Содан кейін ол тұтқынға алынып, екі жылға бас бостандығынан айырылды. Ал америкалық экспрессионистің еңбегін қайта қалпына келтіру үшін реставраторлар бір жарым жыл уақытын жұмсайтын болады.

Марк Ротко "Қоңырдағы қара"

7. 1970 жылы 67 жастағы Марк Ротко өз шеберханасында қайтыс болды. Оның көмекшісі Оливер Стейндекер ұстазын еденде жатқан бойда тауып алады. Бұдан екі жыл бұрын Ротко артериалды аневризммен ауырады. Ол дәрігердің кеңестеріне құлақ түрмеді. Медициналық сараптаманың нәтижесі оның антидепрессанттарды мөлшерінен көп қабылдағанын анықтады.

Марк Ротко "Қарадағы қоңыр"

8. Осы жылдың көктемінде Латвияда Марк Ротко атындағы өнер орталығы ашылды. Ротконың негізгі сегіз картинасы жинақталған. Оның тұрақты топтамасында Ротконың жеке мұрағатынан алтау, Вашингтонның Ұлттық галереясынан екеу бар.

9. Америкалық драматург және сценарист Джон Логан ("Авиатор", "Соңғы самурай", "Суини Тодд" фильмдері) басты кейіпкері Марк Ротко болатын Red (Қызыл) пьесасын жазды. 2009 жылы көрсетілімнің тұсау кесері Лондонда, ал 2010 жылы Нью-Йорктағы Golden Theatre сахнасында қойылды. Пьеса мен актер Эдди Редмэйн сол жылы Тони марапатына лайық деп табылды.

Марк Ротко "Сарғылттағы қара мен жасыл"

10. Марк Ротко бейнелеу өнерінің сезімнің толқушы күшінен, ал кемелдіктің кездейсоқтық немесе балалық шақтың қызығушылығынан басталатынына сенеді.

Марк Ротко "Жер мен жасыл"

Тағы да оқи отырыңыз:

Каран Сингх Гровер: "Мен Асадқа мүлдем ұқсамаймын"

Нұржұман Ықтымбаев: «Қазақтың даласында оқығанмын»

Сильвестер Сталлоне: "Мені жетістікке жеткізген - Рокки"

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: www.markrothko.org

Ж. Өрісбай