Асылзат Арыстанбек: "Ақындық пен қолөнер бір-біріне кедергі келтірмейді"

Асылзат Арыстанбек: "Ақындық пен қолөнер бір-біріне кедергі келтірмейді"

Асылзат Арыстанбек ақын ғана емес, сонымен қатар қолөнермен де айналысады екен. Біз өз кезегімізде оның өз қолымен жасаған түрлі туындыларын көріп, қолөнермен қашаннан бастап айналысып жүргендігі туралы білген едік.

- Асылзат, Фейсбукте "Қолөнер" деген тобыңыз бар екен. "Дарынды адам барлық істе де дарынды" деген сөздің рас болғаны ма? Сіз қолөнермен де айналысасыз ба?

- Иә, қолөнермен айналысамын. Бұрындары өзім үшін тиіп-қашып істейтін жай ғана әуестік еді. Қазір қолөнермен тұрақты айналысып отырмын.

Қобдиша

- Қашаннан бері айналысасыз? Бұл хобби ме, әлде бұл жол арқылы қаржы да тауып жатсыз ба?

- Екі жылдан бері тұрақты түрде қолөнерге ден қойдым. Белгілі бір себептерге байланысты жұмыстан шығып кеттім. Басқа жұмысқа тұрғым келмеді. Өзгенің айтқанымен жүргім келмейтін жаман әдетім бар. Сосын, қаржылық дағдарысқа ұшырай бастадық. Бір адамның жалақысы жетімсіз. Келе-келе қолымнан шыққан әдемі бұйымдарды сатылымға шығара бастадым. Қазір тұрақты сатып алушыларым бар. Солармен жұмыс істеймін.

1. Бисермен кестеленген гүл 

2. Тауыс, мулине жіп, таспа, бисер

- Көрмелерге қатысып тұрасыз ба?

- Көрмеге қатысу ойда бар. Бірді-екілі жекелеген жұмыстармен қатысқам. Өткен жылы Ұлттық арнаның «Таңшолпан» бағдарламасы «Наурыз нышаны» атты қолөнер бұйымына байқау жариялады. Сонда «Өмір ағашы» деген туындыммен бірінші орын иелендім. Әзірге бұл саладағы жетістігім осы. Есесіне «Қазақтың қолөнері» тобын ашып, байқауды өзім жариялап отырмын. «Орындық жапқышқа» жариялаған байқауым сәтті өтті. Қатысушылар белсенді жұмыс істеді. Оларды арнайы дипломмен марапаттап, өзімнің қолымнан шыққан бұйымдарды сыйға тарттым. Енді Астана күні қарсаңында екінші «Мың құбылған моншақтар» байқауының қорытындысы шығады. Бұйырса, Астана күні қарсаңында өтетін көшпенділер өнері көрмесіне қатысуға ниеттіміз. Өзіммен бірге топ мүшелерін де қатыстырсам деймін.

- Ақындық пен қолөнерді бірге алып жүретін болдыңыз ғой? Солай ма?

- Иә, екеуі бір-бірін толықтырмаса, кедергі келтірмейтін өнер ғой.

1. Алма ағашы, бисер, 3D

2. Бисерден жасалған гүл

- Өнер туралы өлеңдеріңіз жоқ па? Айта отырыңыз...

- Жоқ, ондай өлең жаза қойған жоқпын.

1. Қалдықсыз өнім. Құрақтан қалған қиқымдардан жасалған букет.

2. Бисермен кестеленген гүл 

- Осы тақырыпқа байланысты сайт немесе қандай да бір басылым ашқыңыз келмей ме? Бірегей контент болмас па еді?

- Дұрыс айтасың. Әзірге құпия болсын деп едім, «Қазақтың қолөнері» атты журналдың нұсқасы дайындалып жатыр. Көп ұзамай қолдарыңызға тиіп қалар. Сосын сайт та ашып қалармыз.

Әңгімелескен: Ардақ Құлтай

Сурет: автордан

А. Құлтай