Бүгін – "Біржан-Сараның" атасы туған күн

Бүгін – "Біржан-Сараның" атасы туған күн

Бүгін – композитор, қоғам қайраткері, КСРО халық әртісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұқан Төлебаевтың дүниеге келген күні. Қазақ өнері дарынды композитордың 101 жылдық мерейтойын атап өтіп отыр.

Төлебай ақсақал мен Тәжібала анамыздың Құдайдан тілеп жүріп дүниеге әкелген перзенті ата-ананың ғана емес, бүкіл елдің жүгін арқалайтын азамат боларын кім білген... Тәжібала апа 10 құрсақ көтеріпті, бірақ олардың барлығы шетінеп кеткен екен. Болашақ композитор дүниеге келмес бұрын әкесі түс көреді. Төлебай атамыз көрген түсті жорытпақ болып жанына туысқан інісі Апырбай Әуелбаевты ертіп ауыл молдасына барған екен. Сөйтіп, 1913-ші жылдың 13-ші наурызы күні дүниеге сәби келіп, оның есімін молданың айтуы бойынша Мұхамедсәлім қояды. Бірақ анасы еркелетіп Мұқажан, ал ауыл балалары Мұқан деп атап кетеді. Оның жастайынан өнерге жақын болып өсуіне аздаған ақындығы бар, әрі әншіліктен де кенде емес анасы Тәжібала мен туысқан ағасы болып келетін Апырбайдың ықпалы ерекше болған екен.

Ол жас күнінен бастап ауыл-аймақтарда өнерпаз жастардың арасында өтіп тұратын шараларға қатысып, әншілігімен көзге түсіп жүреді.  1936-шы жылы Алматыда байқау өтетін болып,  оған Талдықорған өңірінен өнері өзгелерден озық деген 10 адам жіберіледі. Оның ішінде Мұқан Төлебаев та болған. Бұл жерде талабы, ынтасы бар деген балаларды қазылар алқасы Мәскеуге оқуға жіберу үшін таңдау жүргізеді. Мұқан Төлебаевтың Еуропаның музыка мәдениетімен танысуы осылай басталады. Мәскеуде Байғали Досымжанов, Кәукен Кенжетаев, Шабал Бейсекова, тағы да басқа өнер майталмандарымен бірге оқиды. Екі жылдан кейін вокал класынан композиторлыққа ауысып, атақты сазгерлер Борис Шехтер мен Рейнгольд Глиэрден дәріс алады. Осында жүріп «Барқыт, қалқам», «Әудем жер», «Ғалия» сынды қазақ әндерін өңдеп, өзінің алғашқы туындыларын, ән-романстарын жаза бастайды. Мәскеудегі оқуының аяқталуы Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен тура келеді. Алайда денсаулығына байланысты соғыс әрекеттеріне қатыса алмаған ол Алматыға оралып «Соқ барабан», «Жорық», «Татьяна туралы ән», «Комсомол» сынды көптеген ән-романстар жазып шығады. 

1942-1953 жылдары Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің дирижері, Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы болған. 1953 жылдан Алматы мемлекеттік консерваториясында педагогикалық қызметпен айналысқан. Композитор музыканың алуан жанрында еңбек етіп, фортепьяно мен скрипка үшін пьесалар, симфониялық оркестр мен хорға арнап күрделі шығармалар жазған. Оның «Татьяна туралы ән», «Кестелі орамал», «Тос мені, тос», «Көп жүрдім» атты өзіндік музыкалық тілі мен романстары қазақтың кәсіби  музыкасында романс жанрының қалыптасуына игі әсер етті. Симфониялық шығармалары ішінде «Қазақстан» поэмасы мен «Коммунизм оттары» кантантасы қазақ музыкасында ерекше орын алды. Әсіресе, ән-хор шығармаларында өзі өмір кешкен кеңестік заман тақырыбы сәтті көрініс тапты.

Төлебаевтың шығармашылығының шарықтау шыңы қазақ музыкасындағы аса елеулі туындыларының бірі - «Біржан-Сара» операсы. Аталмыш туындыда жеке адам тағдыры, бас бостандығы үшін күрескен Біржан мен Сара сынды өнер өкілдерінің шығармашылығы мен трагедиялық тағдыры терең тебіреніспен баяндалады. Қазақ опера өнерінің інжу-маржаны саналып кеткен «Біржан-Сара» операсының премьерасы 1946 жылы өткен екен (либреттосы Қ. Жұмалиевтікі). Мұқан Төлебаевтың композиторлық дарынының шырқау шыңы болған бұл туындының тұсаукесері аса табысты өтті: спектакльдің композиторы, орындаушылардың екі құрамы да (бірінші құрам - А. Үмбетбаев пен К. Байсейітова, екінші құрам – Б. Досымжанов пен Ш. Бейсекова), суретшісі (А. Ненашев), режиссері (Қ. Жандарбеков) КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Операның орыс тілінде солистер, хор және Г.Столяровтың басқаруындағы КСРО Мемлекеттік радиокомитетінің симфониялық оркестрінің орындауындағы нұсқасы жазып алынды. 1958 жылы қазақ өнерінің екінші онкүндігі барысында Мәскеуде «Біржан-Сара» операсы орындалғанда Роза Жаманова (Сара) мен Мұқан Төлебаевтың өзіне КСРО халық әртістері атағы берілді.

Ол Қазақ КСР-і мен Қазақстан Республикасының алғашқы әнұраны авторларының бірі болды. Мұны М. Төлебаев Л. Хамиди және Е. Брусиловскиймен бірге 1945 жылы жазып шығады.  Сондай-ақ, композитор драмалық спектакльдер мен кинофильмдерге музыка жазып, жеке дауыс пен фортепьяноға арнап қазақтың көптеген әндерін өңдеген.

Мұқан Төлебаевтың композиторлық стилі ұлттық дәстүр арнасында қалыптасқан. Сөйте тұра қазақ композиторының музыкасы еуропалық үлгідегі кәсіби шеберліктің биік деңгейінен орын алатынымен ерекшеленеді. Соның арқасында М.Төлебаев туындыларын түрлі ұлттық-мәдени дәстүрлер өкілдері болып табылатын тыңдаушылар аса жоғары бағалайды. Кеңес заманының белгілі музыка танушысы В.С. Виноградов жазғандай, «М.Төлебаев туған елі өнерінің ұлттық сипаттарын айқын ашып көрсете білгенде оның музыкасы өзінің сұлулығы мен шырқау шегіне жетеді».

М.Төлебаев қазақтың кәсіпқой музыкалық мәдениетті қалыптастырып, орнықтырушы хас дарындардың бірі болатын. Ол туындатқан опералардың, оркестрлік немесе вокалды-симфониялық шығармалардың, камералық-аспаптық пьесалардың, әндер мен романстардың қай-қайсысы да терең сезімталдығымен, музыкалық тілінің шыншылдығымен, өзіндік қолтаңбасымен дараланып отырады. Бұлардың ішінде опералық, контаталық-ораториялық және ән-романстық шығармалары айрықша ден қойдырады.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: yvision.kz, i-news.kz