Айжан Хамит «Өз әдебиетімізді оқымайтындар "Властелин колецті" қайтсін?»

Айжан Хамит «Өз әдебиетімізді оқымайтындар "Властелин колецті" қайтсін?»

Шәкәрім Құдайбердіұлы, Бейімбет Майлин, Әміре Қашаубаев, Қажымұқан Мұңайтпасов және өзінің атасы, ақын Хамит Ерғалидың өмірі мен шығармашылығы жайында деректер келтіріп, елге насихаттап жүрген Айжан Хамит бүгін Massaget.kz-ке сұхбат берді.

Бүгінде Айжан "Тасмим" архитектуралық компаниясының директор орынбасары болып қызмет етеді. Сонымен қатар, «Адам бол» журналында журналист.

- Айжан, соңғы кезде фейсбуктегі жеке парақшаңызда қазақ әдебиеті мәселелерін көп көтеріп жүрсіз. Бір жазбаңызда тіпті «Қазақ әдебиетін ұмытып барамыз» дедіңіз. Тіпті «Қазақша оқиық!» деген топ та құрдыңыз. Сіздіңше, қазіргі әдебиеттің оқылмайтынына жастар кінәлі ме, әлде тағы да басқа себеп бар ма?

- Осындағы ең басты мәселе «Кім кінәлі» емес, «Не істеу керек?» дегеніміз дұрысырақ болар деп ойлаймын. Жуырда Киевке іс-сапармен бардым. Голодомор құрбандарына арналған мемориалға жолықтым. Шынымды айтсам, жылап шықтым ол жақтан. Украин халқы өз тарихын қатты сыйлайды, Голодомор мәселесіне көп назар аударады.  Мемориалдың ішінде жүргенде бір жазуға көзім түсіп кетті. (Ни на минуту не забывайте, что Украина должна быть нашей, и нашей она будет тогда, когда будет Советской, а Петлюра вышиблен из памяти народа навсегда. Л. Троцкий) «Украина біздікі болу керектігін бір минутқа да болса, ұмытпаңыздар. Ол үшін Украина Советтік болу керек, ал халық болса Петлюраны мәңгілікке ұмыту керек. Л.Троцкий» деп жазылған.

Осыдан кейін қатты ойландым. Украиналықтардың ұлттық сана-сезімін ешқашан шығара алмайтыны қазірдің өзінде көрініп тұр, біз болсақ, барымызды ұмытып, бәріне көніп, ұлттық сана-сезімімізді жоғалтқанымыз рас. Бүгінде «Адам бол» журналында «По улице моей» атты рубрикам бар. Қазақстан көшелеріне кімнің аты берілгенін, ол кісі кім болғанын шағын ғана жазып шығамын. Таң қалдыратын ең басты нәрсе, қандастарымыздың көбісі қазақтың кейбір бетке ұстар азаматтарын білмейтіні, танымайтыны. Сондағы туындайтын сұрақ «Қазақ елінде тұрып, неге қазақтың ардақтыларын танымайды?»

Хамит Ерғали мен 5 жасар Айжан. 1986 жыл

Бұл сұраққа жауап іздеп, көп ойландым. Достарымның арасында орыс мектептерін бітіргендер көп, көбісі қазақша білмейді, үйренейін десе, үйінде сөйлетін ешкімі жоқ, қазақ тілді қандастарымыз «сен не, мақұлық, қазақша білмейсің бе» деп тиіседі. Бір-екі талпыныс жасап, тынады сонымен. Осыдан кейін бірлік қайдан болсын, ағайын? Бүгінгі күні қоғамның осындай сегрегацияға ұшыраған кезінде кінәліні іздемей, бір-бірімізге қол ұшын бермесек, ел бола алмаймыз деп ойлаймын. Сонда қазақша жетік білмейтін қандастарымызды тым болмаса тарихы мен әдебиетімізбен қызықтырған түрім ғой. Ұлттық сана-сезімнің оянбауына, жастардың қазақша сөйлемейтініне, оқымайтынына кінәлі өзіміз ғана. "Бірлік болмай, тірлік жоқ" дейтін атам қазақ.

- Хамит Ерғалиевтің немересі екеніңізді біреу білсе, біреу білмейді. Әлеуметтік желіде атаңызға қатысты құнды ақпараттар да беріп жүргеніңізді білеміз. Ал өзіңіз жазушылық қырыңызбен танылғыңыз келмей ме?

- Шынымды айтсам, былтыр екі мектеп бітіріп шықтым. Бірісі – Открытая Литературная Школа, екіншісі – Медиа школа болатын. Бұрын-соңды шағын әңгіме жазатынмын, әдебиет мектебін бітірген соң, қойдым. Өйткені, жазылған әңгіме, очерктерге ең басты сыншы – өзім ғана. Эрнест Хемингуэй айтқандай «Мас күйінде жазып, сау күйіңде редакторлап түзе». Әрине, мас түрімде жазам деген сөз емес. Бұндағы Эрнест шалдың айтқаны, ойларыңды қағазға түсіренде, өз «талантыңа» мас болып, «шіркін, мен неткен күштімін» деп тамсанып отырасың да, таңертең «мына далбасаны қай жынды жазған?» деп шығасың. Ішімдегі редакторым әлі жіберген емес, сондықтан өзім үшін жазам да қоямын. Атамның талантына жете алмаспын, Хамит Ерғали қайда, біз қайда...

- Жастарды кітап оқуға баулу үшін не істеу керек деп ойлайсыз, жаңа заман жастары кітап оқуы керек пе жалпы? Өзіңіз қандай кітаптар оқыдыңыз, «Қазақтың жүз романы» қай туындылардан басталуы керек деп ойлайсыз?

- Былтыр Жас Отанның бастамасымен «100 кітап» атты жоба шеңберінде өткен сауалнамасын қарап көрсеңіз, не істеу керектігін өзіңіз де түсінерсіз. Ол кезде жастар «әлемге әйгілі қай 100 кітапты қазақша оқығыңыз келеді?» деген сұраққа жауап берді. Ең көп дауыс алған кітаптардың тізімін қарасаңыз, шашыңыз тік тұрар. Олардың ішінде «Гарри Поттер» мен «Властелин колец», арасында Паоло Коэльо, тіпті эротикалық роман «50 оттенков серого» болған. Кейін оны тізімнен алып тастаған. Сонда, бүгінгі кезде әрбір баладан Гарри Поттер туралы сұрасаң, аузын көпіртіп айтып берері хақ. Енді Бердібек ағамыздың Қожасы туралы сұрасаң, көбісі жауап бере алмастығына өз басым кәміл сенемін. Бұл жобаға қатысты бір-ақ сұрағым бар: «Өзіміздің дайын әдебиетімізді оқымайтын қазақ, қазақшаға аударылған «Властелин колецті» қайтсін?».

Алты жасар қызы Ғайнимен. Киев. 2013 жыл

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, ең бастысы кішкентай балаларымыздан бастауымыз керек. Шынымды айтсам, кітап сататын дүкендерге жиі кіріп, қазақша не бар екенін қарап шығамын. Балаларға арналған әдебиет өте аз, сырты тәуір болса да, ішіндегі мәтіні біртүрлі екен. Өз басым қазақ мектебінің түлегі болғаныма әке-шешеме мың да бір рет алғысымды айтамын. Бірақ кішкентай балаларға арналған кітаптар қиын ресми тілімен жазылған, оқығанда неше түрлі неологизмдерге тап боласың.  Өзім кейде түсінбей қаламын. Кітапты кем дегенде бір ғылым докторы жазған деген ой туындайды. Әрине, ересектер қиналып оқитын кітапқа кішкентай бала қайдан қызықсын?

Арғы күні, Бейімбет Майлиннің «Күлпәш» атты әңгімесін бір-екі сөзбен орысша жазып шыққанмын. Арасына интернетте табылған аудиокітаптарға сілтеме қыстырып, өзімнің парақшама шығара салғанмын. Майлин сияқты сөз шеберінің кітаптарын оқу неткен ғанибет десеңізші. Бұл посттың соншалықты кең тарап кететініне өзім таң қалдым. Біздің қоғам, әсіресе жастарымыз, өзіміздің әдебиетімізді оқығысы келеді, білгісі келеді деген ойға келдім. Оқиын десе, интернетте бірі бар, бірі жоқ, дүкендерде қымбат-қымбат көптомдықтар ғана. Оқиын десе, архаизмдер мен ескі қазақ сөздеріне толы шығармаларды оқи алмайды. Қазақша оқымаған адамға «сен неге түсінбейсің» деп те айта алмайсың. Сондықтан, ең басты нәрсе, қазақ әдебиетінің насихаты дұрыс жүргізілуі керек. Шығармаларды орысша аударып, советтік кезеңде жасалған аудармалар жаңартылуы қажет. Сонымен қатар, бүгінгі заманда кітап оқитын уақыты болмаған адамдар үшін, аудиокітаптар жазылуы тиіс. Мен өзім соңғы кездері кітаптарды көлігімді айдағанда тындаймын, үңіліп оқитындай уақытым жоқ. Әдебиетімізді оқымасақ, тарихымызды білмесек, ұлттық сана-сезім қайдан оянар? Бір-бірімізге тиісуден, бір-бірімізге «мәңгүртсің», «мамбетсің» деген жаман кемсітетін сөздерден арылайық, ағайын.

"Қазақтың 100 романы" деген тізім туралы айту қиын, өйткені қазақ әдебиеті талай-талай бетке ұстар ақын-жазушыларға толы, әрқайсысының тұлғалары мен қазақ әдебиетіндегі атқарған рөлі бір бөлек.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен: Ардақ Құлтай

Сурет: Айжан Хамиттің жеке мұрағатынан

А. Құлтай