Бауыржан Бабажанұлы. "16 жасыма хат"

Бауыржан Бабажанұлы. "16 жасыма хат"

Өткен жолы шет елдің өнер жұлдыздары мен танымал тұлғаларының "Құрметті мен: Өзімнің он алты жасыма хат" (Dear Me: A Letter to My Sixteen-Year-Old Self) атты шағын хаттар жинағын ұсынған болатынбыз. Қызықты хаттар көпшілік қызығушылығын тудыруда. Сол себепті неге осы идеяны біздің ортада да жасап көрмеске деген ой келді. Қазіргі қазақ қоғамында белсенділік танытып, өзіндік үнімен көпшілік назарында жүрген тұлғаларды сауалға тарттық. Алдағы уақытта танымал тұлғалардың 16 жасына жазған хаттарын ұсынып отырмақпыз. Алғашқы кезекті Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Бауыржан Бабажанұлынан бастауды жөн көрдік.

Бауыржан Бабажанұлы - 1969 жылы Қарақалпақстанда дүниеге келген. 1995 жылы Әл Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдаған. "Жалын" журналында, "Ана тілі" — "Жалын" бірлескен басылымдарында бөлім редакторы, "Алтын Орда" газетінде бас редактордың орынбасары, Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасында бөлім меңгерушісі болып қызмет істеген. Қазір Ақтөбе облысындағы "Ақтөбе" облыстық газетінің бас редакторы. Қазақстан Журналистер одағының Ақтөбе облыстық филиалының директоры.

2003 жылы Астана қаласында өткен халықаралық "Шабыт" фестивалінің "Әдебиет" номинациясы бойынша Бас жүлдегері. "Экспресс К" газетінің тек қана бас редакторлар арасында өткізілетін байқауында топ жарып, Геннадий Толмачев атындағы жүлдені иеленген.

Бауыржан Бабажанұлының 16-17 жастағы кезі

"16 жасыма хат"

"Амансың ба, Бауыржан!

Қазір сенің ең жұлдызды сәтің. Пән олимпиадасынан республикалық олимпиадада жеңімпаз атану екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мектеп директоры Нұрмағамбет ағайың сол хабарды ести сала, аудан орталығындағы ауруханадан сұранып шығып, жетті емес пе? Үйіне бармастан бірден мектепке соғып, жиналыс жасап, сені құттықтады. "Мектебіміздің тарихында тұңғыш рет біздің оқушымыз республикалық додадан бірінші орын алып келіп отыр!" — дегенде өзіңе қадалған жүздеген көзден қысылып, төмен қарадың. Сол олимпиадада иеленген "Мақтау қағазы" мен қарақалпақтың "Қырық қыз" дастаны,  директордың қолынан қайта алғанда,  тіпті ауырлап кеткендей болды. Ал кеште Нұралы ағайың бастаған бір топ мұғалім үйіңе кіріп келе жатқанда кеудеңді мақтаныш биледі. Әкеңнің сәл мақтаныңқырап сөйлегенін де, шешеңнің аяғы жылдамдап кеткенін де көрдің. Қалаға барса, сен үшін кітап сатып әкеліп жүретін Атажан көкең: "Біздің Баукен Төлеген ағасы сияқты шайыр болады..." — дегенде ұрланып өлең жазып жүргеніңді  бәрі білетіндей қысылғаның не? Абырой болғанда, оныңды ешкім байқамады.

Айтпақшы, сол олимпиададада Нөкіс мемлекеттік университетінің филология факультеті деканының: "Олимпиада жеңімпаздарына оқуға түсерде жеңілдік болады!" — деген сөзін үйде бекер айттың. Енді әкең сен армандап жүрген КазГУ-ге жібермей қалуы мүмкін. Кез келген істі салқын ақылға салатын ол "Алматыдан басқа жерде оқымаймын" — деген еркелігіңді қайтсін...

Жә, оған дейін әлі бір жыл бар.  Енді басқа тірлікті сөз қылайық.  Саған айтатын ақылым, өзімшілдік  — жақсы қасиет емес. Ылғи: "Менікі дұрыс!" — дей беруге болмайды. Әсіресе,  футболда. Футбол — ұжымдық ойын. Төрткүл ауданында болған жарыста не істедің? Тақтакөпір ауданының құрамасымен ойнағанда алғы шептегі Жамбыл мен Түгелбайға пас бергің келмей, өзің гол салғың келді. Екі рет алаң ортасында доптан айрылып қалдың. Соның бірі гол болып қақпаларыңа енді. Балалар ойын соңында кінә артқанда мойындамай қойдың. Тіпті өздерін кінәлі ғып шығардың. Бірақ сенікі дұрыс емес екенін ішің біледі ғой. Сол жолы ұтқандарыңда жартылай финалға шығар едіңдер. Мүмкін, әрі қарай, ақтық сынға тұяқ іліктірер ме едіңдер...

Шаруаға қырсыз екенің де рас. Мәдірейім атаңың үйіндегі садақадан кейін әкең таусыла сөйледі: "Жұрттың балаларын қарашы, бірі қазанның астына от жағып, бірі табақ тасып, жүгіріп жүр. Ал мына әкеңнің аузын... екі қолын қалтасына салып, қарап тұр. Құдды нәшәндік сияқты. Ай, жер жарылмады, мен кірмедім...". Шешең, әрине, сені қорғаштап,  күңк-күңк етті.

Адамдар туралы жаман ойлауға болмайды. Мысалы,  сен өлердей жек көретін Құрал ағайың қандай тамаша адам екеніне енді көзің жеткен шығар. 10 - кластың балаларымен төбелесіп, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Құрал ағай мұғалімдер бөлмесіне жинағанда аса айылыңды жиған жоқ болатынсың. Әдеттегідей ұрсып-ұрсып қояды деп ойладың. Бірақ бұл жол ағайларың басқаша қимылдады. Дереу қалталарыңды тінтті. 10 - кластың бір баласынан кішкентай пышақ, енді біреуден шеге табылды. Ал сенің қалтаңда... хат бар еді. Қызға жазылған хат. Соны алғанда көзің тұманытып кетті. Дереу ағайыңның қолына жармасып ең, ол кісі қайратты ғой, күш бермеді. Біттім ғой деп ойладың. Бәріңді мектеп директорының алдына алып барып, қалталарыңнан табылған заттай айғақтарды ортаға қойғанда сенің хатың туралы ләм-мим деген жоқ. Екі-үш күннен кейін ғана шақырып алып,  қолыңа ұстатты. "Мен оқыған жоқпын..." — деді сосын. Сен, әрине, сенген жоқсың. Бірақ ағайың оны басқа мағынада айтқан болатын. Біраз уақытқа дейін қорқып жүрдің. Кейін ағайыңды біртүрлі жақсы көріп кеттің.

Айтпақшы, сенің хатыңды алғаннан кейін сол қыз күрт өзгеріп кетті. Бұрын ұлдардың жазған хатын көрсетіп, мәз-майрам болып жүретін ол енді  ашық-жарқын әңгімелеспек түгілі, қасыңа жоламайтын болды. Бірақ оның өзіңді  ұнататынын  сен, әрине, білмейсің. Өйткені, бар болғаны, 16-дасың ғой...

Дегенмен, сен бақыттысың, Бауыржан. Әке-шешең, бауырларың қасыңда. Ал армандарың тіпті ғажап. Кейде түнімен ұйықтамай, армандайтының бар. Сол армандарыңа жетесің, түбі. Ал әзірге сабағыңды жақсы оқы!"

                                                                                              Бауыржан. 5.11.2013

Ш. Талап