"Әлия" - қазақ қызының қайсарлығын көрсеткен ән

"Әлия" - қазақ қызының қайсарлығын көрсеткен ән

Ұлы Отан соғысында жауқазын ғұмыры қиылған қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова (1925-1944) рухына арнап көше аты да берілді, ескерткіш те қойылды, өлең де жазылды. Ал қаһарман қызға жасалған тағзымдардың ішіндегі ең ерекшесі Сейдолла Бәйтерековтың «Әлия» әні еді.

«Әлия» әні дүниеге 1975 жылы келген екен. Көзі тірісінде сазгер былай деген екен: «Ән ойымда біраз жүрді. Күрделі әуен жадымды баурай жөнелді. Басында ыңылдап қана жүрдім. Бірде Бәкір Тәжібаевтың жыр жинағын қолыма алып, аша бергенім мұң екен, көзіме ақынның Әлия Молдағұловаға арналған өлең жолдары түсті. Жадымда жүрген әуенге салып едім, құйып қойғандай дәл келді. Бұл ән арнау емес, бұл ән - жоқтау. Балғын қыздың ерлігін ұлықтау, ел жадында қалдыру үшін осындай ән қажет-ақ».


Дайын ән жас әнші Нағима Есқалиеваға ұсынылады. Алайда, ән кеңінен сол кезде 17 жасар әнші Роза Рымбаеваның орындауында танылды. 1976 жылы «Золотой Орфей» байқауында ән шырқалып, бірінші орынды иеленді. Мәскеуліктер «Әлия» әнін «Ең үздік жыл әні» деп бағалап, марапаттаған болатын. «Әлия» әні арқылы жас әнші Роза Рымбаева көпшіліктің көзайымына айналып, өнер көгінде кеңінен қанат қағуына жол ашты. Сондай-ақ, «Әлия» әні көпшілікке сазгер Сейдолла Бәйтерековты де таныстырды. Себебі, сол кезде сазгер есімі елге таңсық, аса танылмаған екен.

«Әлия» әні көптеген жас әншілердің ән қоржынынан табылғанменен, халық жадында ол халық әртісі Роза Рымбаеваның мәңгі қалатыны сөзсіз. Ән патриоттық рух пен ұлттық құндылықты оятады. Тарихқа тағзым, ерлікті ұлықтайтын әсем ән. «Әлия» әні халық қазынасына айналған, орны ерекше шығарма болып қала бермек.

Әлия

Сөзін жазған: Бәкір Тәжібаев
Әнін жазған: Сейдолла Бәйтереков

Қобда, Нева суларын сүйіп өскен,
Әсем гүлін құшаққа жиып өскен.
Аққу құстың бейнебір баласындай,
Сұлу сазды, жастықтың күйін кешкен.

Қайырмасы:

Әлия - ару қызы сен халқымның,
Әлия - батыр қызы сен халқымның,
Ерке құсы сен даламның!

Саған белгі орнаттық мәрмәр тастан,
Саған күнде қызыққан мөлдір аспан.
Саған күнде жазылған көркем дастан,
Саған күнде құшағын көктем ашқан.

Қайырмасы:

Әлия - ару қызы сен халқымның,
Әлия - батыр қызы сен халқымның,
Ерке құсы сен даламның!

Шолпан жұлдыз - өзіңсің шоқтай жарық,
Көз алмаймыз көркіңнен тоқтай қалып.
Туған жердің төсінде мәңгілікке,
Тұр ғой сенің жүрегің оттай жанып.

Қайырмасы:

Әлия - ару қызы сен халқымның,
Әлия - батыр қызы сен халқымның,
Ерке құсы сен даламның!

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: azattyq.org, kk.wikipedia.org


Ғ. Ұзақ