Алматыда «Қазақстан дауысы» жобасының іріктеу кезеңі бүгін басталады

Алматыда «Қазақстан дауысы» жобасының іріктеу кезеңі бүгін басталады

«Қазақстан дауысы» атты танымал музыкалық жобасының екінші маусымының келесі іріктеу кезеңі басталды. Бұл туралы massaget.kz тілшісі «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Баспасөз хатшысына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

«Қазақстан Дауысы» 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең - барлық қатысушыларды тыңдау арқылы әділқазылардың әрқайсысы төрт топ құрады. Екінші кезеңде әртүрлі топтардың мүшелерінен құралған жұптық сайыс өткізіледі. Үшінші кезеңде жеңімпаздарды халық SMS-дауыс беру арқылы анықтайтын болады. Тележобаға қатысып, бағымды сынаймын деген үміткерлер 6 тамыз күні Алматы қаласында Төле би көшесі 296 А мекенжайы бойынша, +7 727 250-65-61 телефоны немесе www.thevoice.kz сайты арқылы толық ақпарат алуына болады. 

Жобаның телевизиялық нұсқасы «Қазақстан» ұлттық телеарнасында 26 қазаннан бастап көрсетіледі. Жоба смс дауыс беру мүмкіндігімен 2015 жылдың 11 қаңтарынан бастап, тікелей эфирде өткізіледі. 

Еліміздің Медеу Арынбаев, Нұрлан Албан, Мәдина Сәдуақасова, Алмас Кішкенбаев сынды танымал жұлдыздары алғашқы тыңдау сынағында жүзден астам қатысушылардың ішінен үздіктерін таңдап, төрт команда құрайтын болады. Ақтық мәреге төрт үміткер қатысады, олардың ішінен үздік орындаушы  SMS-дауыс беру арқылы анықталады. Финалға дейінгі әр кезеңде үміткерлер кәсіби команда тәлімгерінен сабақ алады. Таланты мен тәлімгерден алған білімінің арқасында алға озған үміткер жеңімпаз атанады.

Телерадиокорпорациясының Баспасөз хатшысы Рауан Есқалидің айтуынша, "Қазақстан дауысына" Қытай мен Монғолияның да қазақтары қатысуға алдын ала ниет білдірген, ал бәйгеге тіккен бас жүлде - 5 млн теңге болып отыр. "Жобаға 18 бен 50 жас аралығындағы орындаушылар қатыса алады. Жобаға қатысу - тегін, жеке басты куәландыратын құжат қана қажет. Аталған жобаның өзге байқаулардан ерекшелігі, бұл байқау қатысушылардың тек дауысқа сүйеніп, бақ сынайтындығы",-дейді баспасөз хатшысы.

Астана қаласындағы іріктеу кезеңі 27 шілдеде өтті. Оған Қарағанды, Павлодар, Петропавл, Көкшетау, Орал, Семей, Жезқазған, Теміртау, Астана және Қазақстанның басқа қалаларынан 600-дей адам қатысты. Ресейдің Омбы мен Томск қалаларының тұрғындары да жобаға қатысу үшін Астанаға келіпті. 

Өткен жылғы іріктеу кезеңдердің қорытындысы бойынша жобаға 10000-дай адам қатысып, бақ сынаған, оның ішінде Ресейдің Новосібір қаласының да өкілдері болды. Бұл жоба The Voice of Holland (Нидерланды) немесе «Голос» түпнұсқалық форматының қазақстандық нұсқасы 2013 жылдың жазында басталды. «Қазақстан Дауысы» жобасының алғашқы маусымының жеңімпазы - Қостанай облысының тумасы 27 жастағы Шахаризат Сейдахмет. Орындаушының тәлімгері - Нұрлан Албан. Байқау жеңімпазы әлемге әйгілі «Universal» дыбыс жазу студиясымен бір жылға келісімшартқа отыру мүмкіндіне қол жеткізіп, 5 миллион теңге қаржылай сыйақыға ие болды.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: Рауан Есқали

А. Құлтай